Семейліктер жас сарбаздарды әскерге шығарып салды
Семейде әскер қатарына шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Абай алаңында өткен шараға Қарулы күштердің ардагерлері, студенттер, мектеп оқушылары және «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Салтанатты шарада Абай облысы Қорғаныс істер жөніндегі департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Қайрат Таттекенов, «Аналар жүрегі» сарбаздар аналары кеңесі Республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысы бойынша өкілі Айнұр Татерова, сарбаздардың ата-аналар атынан Ерлан Жүнісов пен жас сарбаз Ернар Нұғманов сөз алып, өздерінің ізгі тілектерін жеткізді.
Бұған қоса жиында мерзімді әскери қызметке шақырылғандарға Абай облысы әкімдігі атынан «Киелі Абай елі» кітап-альбомы естелік сыйлыққа табысталды. Кітапта Абай облысындағы тарихи жерлер, фотосурет, деректер мен ескерткіштер туралы мәліметтер жинақталған.
Айта кетейік, әскер қатарына шықырылушылар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 44793 әскери бөліміне жіберілді. Абай облысында мерзімді әскери қызметке күзгі шақыру науқаны жалғасуда.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі