Көлікті сатқанда мемлекеттік тіркеу нөмірін сақтап қалуға бола ма?
Көптеген қазақстандықтар өз көлігін сатқанда мемлекеттік тіркеу нөмірін (МТН) өзінде сақтап қалуды қалайды. Қазақстанда бұл рәсімді еш қиындықсыз орындауға болады. Қалай? Осы жайында Сіздерге айтып береміз.
Көлікті сату кезінде ескі мемлекеттік тіркеу нөмірін арнайы ХҚКО-ға тапсыру қажет. Бұл міндетті талап болып табылады. Дегенмен, нөмірдегі әріптер мен сандар комбинациясын өзіңізге сақтап қалуға болады. Бұл үшін орталық қызметкеріне алдын ала ескерту қажет, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Абай облысындағы филиалы.
Көлікті есептен шығару кезінде мемлекеттік нөмірді сақтау және оны жарты жыл ішінде басқа көлікке тіркеу кезінде пайдалану мүмкіндігі бар. Алғашқы айда МТН тегін сақталады. Кейін – 2,8 АЕК мөлшерінде бір реттік мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Алты айдан кейін мемлекеттік тіркеу нөмірі жойылады. Алайда бұл нөмірді қайта алуға болмайды дегенді білдірмейді. Оны қайтарып алу үшін мемлекеттік баж салығын төлеумен қатар, нөмірді беру туралы өтініш жазу керек.
Айта кетсек, қазіргі уақытта Семей қаласындағы арнайы ХҚКО-да 3000-нан астам нөмірлер сақтаулы тұр. Олардың көбі, VIP нөмірлер деп аталатын ерекше нөмірлер.
Еске салайық, Семей қаласындағы арнайы ХҚКО-ның мекенжайы: Қаржаубайұлы көшесі, 249-үй. Азаматтарды дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қабылдайды, дайын құжаттарды беру сағат 20:00-ге дейін жүзеге асырылады. Сенбі күні арнайы ХҚКО сағат 13:00-ге дейін жұмыс істейді.