Үржар ауданында әлеуметтік нысандардың жағдайы тексерілді
Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев басқарма басшыларымен бірге Үржар ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол негізгі әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып, оларды абаттандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Науалы орта мектебі шатырының ағымдағы жөндеу жұмыстары тексеріліп, Көлденең орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарын жеделдету қажеттігі анықталды. Бауыржан Момышұлы атындағы мектебінде болған делегация қалпына келтірілген қазандық жұмысын көріп, қауіпсіздік ережелерінің сақталуына назар аударды. Сондай-ақ мектеп асханаларының санитарлық жағдайы да назардан тыс қалмады.
Білім ошақтарынан бөлек, Науалы ауылындағы 250 орындық, Көкөзек ауылындағы 150 орындық ауылдық клубтардың қазіргі жай-күйі бақыланды. Ауылдық клубтардың қызметі тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыруға, халықтық ұжымдардың шығармашылығын дамытуға және жергілікті таланттарды тануға бағытталған. Екі жоба да Үржар ауданының 2025 жылға арналған кешенді даму жоспарына енгізілген.
Сапар барысында «Үржар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы» ғимаратының екі қабатты қосымша құрылысының жобасы қаралды. Қосымша ғимраттың жалпы ауданы 2083,8 шаршы метрді құрайды. Мұнда сегіз бағытта қызмет көрсетіледі: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық және т.б. Мекеме жүйке-психикалық патологиясы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға көмек көрсетеді.
Жанай ауылында болған делегация күрес және бокс залы, дене шынықтыру залы, 40х20 метрлік шағын футбол алаңы орналасқан спорт модулін аралады. Жасұлан Сәрсебаев спорт инфрақұрылымының сапасын және оның жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді болу қажеттігін баса айтты.
Іссапар барысында әкім орынбасары білім және мәдениет нысандарын күрделі жөндеу жұмыстарын жеделдету, мектептерде санитарлық-техникалық талаптардың сақталуына бақылауды күшейту, әлеуметтік және спорттық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту бойынша қосымша бағдарламалар әзірлеу, сондай-ақ білім беру және мәдениет саласының нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге назар аударуды тапсырды.