Әкім орынбасары Аягөз ауданындағы құрылыс жұмыстарын жеделдетуді тапсырды
Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев жұмыс сапарымен Аягөз ауданында болды. Сапар барысында аудандағы негізгі әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Солардың бірі – «Аягөз ауданы әкімдігінің аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» МКМ-де халықтың әртүрлі санаттарына көмек көрсетіледі. Орталық 1995 жылы құрылған. 1970 жылы салынған ғимарат заманауи кабинеттермен және әлеуметтік қызметтің сегіз түрін көрсетуге арналған құрал-жабдықтармен жабдықталған. Орталықта 50 қызмет алушыға жартылай стационар жағдайында қызмет көрсетілсе, тағы 243 адамға үй жағдайында көмек көрсетіледі.
Әкім орынбасары орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуды, қажеттіліктерді сараптап, мүмкіндігі шектеулі жандарға мамандандырылған қызметтерді дамыту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ 2014 жылдан бері психоневрологиялық сырқаты бар 1 және 2 топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келе жатқан «Аягөз мүгедектер бірлестігі» ҚБ қызметіне де назар аударылды. Бүгінде бірлестік ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Жасұлан Сәрсебаев ғимаратты жөндеуге рұқсат беруді жеделдету, қосымша қаржыландыру мүмкіндіктерін пысықтау және еңбек шеберханаларында жұмыс орындарын кеңейту нұсқаларын қарастыру жөнінде тапсырмалар берді.
Әкім орынбасары аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де болды. Мектепте жеті спорт нысаны бар, оның ішіне заманауи спорт залы мен мәдениет үйі кіреді. Балалар мен жастарды спортқа тарту жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ спорт нысандарының қуатын кеңейту бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Осылайша денешықтыру-сауықтыру кешені мен бассейн салу мәселесі көтерілді.