“ҚТЖ-Жүк тасымалы” АҚ Семейде өндірілген 30 автобусты сатып алды
Бүгін Семей қаласының Орталық алаңында “ҚТЖ-Жүк тасымалы” АҚ жергілікті өндіруші “СемАЗ” ЖШС-нен сатып алынған 30 жаңа автобусты салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Бұл оқиға отандық бизнесті қолдау және жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның маңызды қадамы болды.
Іс-шараға “ҚТЖ-Жүк тасымалы” АҚ орталық аппаратының басшылары, жергілікті билік өкілдері, соның ішінде Семей қаласының басшылығы, компания қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты. Жаңа автобустар теміржол саласының қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартып, оларды еліміздің әртүрлі аймақтарындағы жұмыс орындарына қауіпсіз және жайлы жеткізуге арналған.
«Біз “ҚТЖ-Жүк тасымалы” АҚ басшылығына біздің өндірушілерге сенім артып, жоғары кәсібилік танытқаны үшін алғысымызды білдіреміз. “СемАЗ” сынды отандық тауар өндірушілерді қолдау – Семей қаласының экономикасын дамытуға қосылған зор үлес. Бұл қадам басқа салаларға да он әсерін тигізеді», – деп атап өтті Семей қаласы әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаев.
“ҚТЖ-Жүк тасымалы” АҚ филиалы – “Семей бөлімшесі” директорының айтуынша, “СемАЗ” ЖШС-нің пайдасына жасалған таңдау өңірлік бизнесті дамытуға ғана емес, аймақ экономикасын нығайтуға да ықпал етеді. «Бұл автобустар заманауи сапа стандарттарына сай келеді және Қазақстанның климаттық жағдайларына толық бейімделген», – деді ол.