Аягөзде 2028 жылға дейін балқыту зауытын салу жоспарлануда
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Аягөз ауданының тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Еркін форматта өткен кездесуде өңірдің өзекті мәселелері мен ары қарайғы даму перспективалары талқыланды.
Жиын барысында тұрғындар жол инфрақұрылымы, көлік, жарық, жылу, абаттандыру және әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді көтерді.
Облыс бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 70,2% (288,3 шақырым) құрайды. Аягөз қаласындағы Барақ батыр көшесіндегі көпір жөнделді. "Ақтоғай-Аягөз" ауданаралық (қалааралық) бағытындағы жолаушылар тасымалы субсидияланады. Ауданда республикалық маңызы бар «Қарағанды – Боғас» тас жолының Аягөз – Баршатас, Көксала – Бидайық аралығындағы бөлігінде жол жөндеу басталды. Аягөз ауданында 45 ауыл мен аудан орталығы ауыз сумен қамтылған. Аудан орталығында 2027 жылға дейін жылу қазандығы салынады. Қазіргі уақытта құрылыс алаңы анықталуда.
Облыстың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында Аягөз қаласында кәріздік тазарту құрылыстарын салу жоспарлануда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ақтоғай ауылына электр желілері тартылып, Тарбағатай ауылында бес көше жарықтандырылды. Ақши ауылында заманауи спорт алаңы салынды.
Аягөзде 2028 жылға дейін «KAZ Minerals Smelting» ЖШС жаңа балқыту зауытын салуды жоспарлауда. Нәтижесінде 1083 жаңа жұмыс орны ашылады. Аягөзде 1,8 млрд теңгеге 5 қабатты, 60 пәтерлік екі тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар, кешенді жоспар аясында Аягөз қаласында 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру бекетін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Ерекше күтімді қажет ететін балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Ауданда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы құрылып, мамандандырылған такси сатып алынды. 2028 жылға дейін 150 төсектік оңалту және бейімдеу орталығын салу жоспарлануда.
2025 жылы Аягөз қаласында 600 орындық жаңа мектеп ашылады. Аудандағы 16 мектепті ағымдағы жөндеуге 208,6 миллион теңге бөлініп, жеті пәндік кабинет сатып алынды.