Cемей-14°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
523.86 544.34 5.11

Сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс ЖІӨ өсімінің 70%-дан астамын қамтамасыз етті

18-12-2024, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында Қазақстанның 2024 жылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық өсімінің қорытындылары туралы баяндады. Еліміздің экономикалық өсімі 4,4%-ды құрады. Нақты сектордағы өсім 5%, көрсетілетін қызметтер саласындағы өндіріс 4,5%-ға артты.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, экономиканың өсімі толығымен мұнайдан тыс сектордың дамуы 5,1% есебінен қамтамасыз етілуде. Өсу қарқынының жақсаруы ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, саудада және көлік саласында байқалады. Ең жоғары өсімді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр. Сауда 8,2%-ға, көлік қызметтері 8,1%-ға, өңдеу өнеркәсібі 5,3%-ға артты. Жалпы ішкі өнім өсімінің 70%-дан астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласы арқылы қамтамасыз етілген.

«Негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,1%-ға өсті. Инвестицияның ең жоғары өсуі шикізаттық емес салаларда байқалады. Инвестиция көлемі білім беруде 2,2 есеге, ғылыми және техникалық қызметте – 42,1%-ға, көлікте қызметтерінде – 27,2%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 18%-ға ұлғайды. Үздік көрсеткіштер Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстарында тіркелді», — деп атап өтті вице-премьер. 

Бұл ретте Атырау, Ақмола, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында инвестициялардың айтарлықтай төмендеуі байқалады.

Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров биылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы $116,9 млрд-ты құрағанын айтты. Экспорт $68,5 млрд болды, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты $23,3 млрд-қа жетті. Тауарлар импорты $48,4 млрд-ты құрады. Саудада оң баланс 33,4%-ке өсіп, $20,1 млрд-қа дейін ұлғайды. 

«Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Өндіріс көлемі 5,3%-ға дейін жеделдеді. Өсім 14 өңірде тіркелді. Ең үлкен өсу қарқыны Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Қарағанды облыстарында байқалады. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім негізінен металлургия өндірісінің 7,2%-ға және машина жасаудың – 6,9%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, химия өнеркәсібі өндірісі 8,4%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 21%-ға, азық-түлік – 2,1%-ға, металл бұйымдары – 29,5%-ға және жиһаз өндірісі – 12,8%-ға өсті», — деп мәлімдеді Н. Байбазаров.

Осы уаықт ішінде тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,1%-ға дейін баяулады. Бұл мұнай өндірудің 2%-ке және табиғи газ өндірудің 0,3%-ға қысқаруына байланысты. Бұл ретте металл кендерін өндіру 7,9%-ға, көмір өндіру 1,9%-ға артты. 

«Құрылыс жоғары өсу қарқынын көрсетіп отыр. Құрылыс жұмыстарының өсімі 10,3%-ды құрады. Өсудің жоғары көрсеткіші Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысы, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы, сондай-ақ инженерлік желілерді модернизациялау бойынша төрт ауқымды бастамасын іске асырудың арқасында қамтамасыз етілді. Оң серпін 18 өңірде тіркелді, бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең үлкен өсімі Қызылорда, Қарағанды, Жетісу және Түркістан облыстарында байқалады. Құрылыс жұмыстарының төмендеуі Атырау және Маңғыстау облыстарында тіркелді», — деді спикер. 

Осы жылғы қаңтар-қыркүйекте 16,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,3%-ға артық. Жоғары көрсеткіштер Шымкент қаласында, сондай-ақ Павлодар, Түркістан, Ұлытау және Қызылорда облыстарында байқалады.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 13,4%-ға ұлғайды. Өсудің негізгі факторы өсімдік шаруашылығы болды. Негізгі егістік дақылдарын жинаудың аяқталуына байланысты өсімдік шаруашылығындағы өсім 19,9%-ды құрады. Ең жоғары өсуді Ақмола, Солтүстік-Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстары көрсетті. 

Экономикалық өсімді қамтамасыз ету шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі шараларға:

  • Құрылыста бюджет қаражатының игерілуіне бақылауды күшейту, жалға берілетін тұрғын үй мен жолдардың құрылысын аяқтау;
  • Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған инвестициялық жобалардың аяқталуын және іске қосылуын қамтамасыз ету;
  • Тұрғын үй салуға және машина жасауды қолдауға бөлінген қаражатты бақылау мен игеруді күшейту;
  • Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз ету;
  • Астықты кедергісіз тасымалдауды және өткізуді қамтамасыз ету, оның ішінде экспортқа шығаруға баса назар аударуы қажет. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив