Семейлік оқушылар халықаралық білім додасында топ жарды
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары XVI Еуразиялық олимпиадада 3 медаль еншіледі. Алматы қаласы Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU) базасында ұйымдастырылған олимпиадаға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінің 230-дан астам оқушысы бақ сынады. Білім бәйгесінде Орталық Азияның 77 командасының өнер көрсетуі жастар арасында ақпараттық технологиялар саласындағы болашағы мен қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
Семейлік жас зияткерлер қатарластарынан оқ бойы оза дараланып, 1 алтын, 2 қоланы қанжығаға байлады. Атап айтқанда, 11 сынып оқушысы Әкежан Асқар алтын медаль иегері атанса, 9 сынып оқушылары Арнұр Нұрғазин мен Ерқанат Толеубеков қола медаль иеленді. Бұл шәкірттердің халықаралық аренадағы алғашқы жүлделері емес. Олар информатика пәнінен халықаралық EJOI-2024, “Жәутіков”, “Туймаада” олимпиадаларында жеңіс тұғырынан көрінген.
Екі күн бойы жас информатиктер бағдарламалау дағдыларын дамытуға, логикалық және аналитикалық ойлау қабілеттерін жетілдіруге, сондай-ақ білімдерін нақты мәселелерді шешу жолында қолдануға мүмкіндік алды.