Жаңа аудан әкіміне тапсырмалар берілді
Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев Бесқарағай ауданына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарды аралады. Соның ішінде әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау сапасына ерекше назар аударылды.
Аудан орталығында жаңа хоккей корты ашылды. Қыста хоккей және мәнерлеп сырғанау, ал жазда шағын футбол алаңына айналады. Жоспарда бұл жерде спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізу бар. Бұл тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, аудан тұрғындарының дене денсаулығын нығайтуға ықпал етеді. Облыс әкімі корттың тұрақты пайдаланылуын, демалушыларға қолжетімді болуын қадағалауды атап өтті.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда 300 орындық заманауи жалпы білім беретін мектептің құрылысы жүріп жатыр. Заманауи талаптарды ескере отырып жобаланған жаңа білім беру кешені екі қабаттан тұрады. Бұл оқушылардың оқуы мен дамуына қолайлы жағдай жасайды. Бүгінгі таңда ауданда 21 мектеп жұмыс істейді, оның 16 – сы шағын жинақты.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ашылған саябаққа барды. Саябақтың ауданы 1,0079 га құрайды, оның аумағында балаларға арналған ойын және воркаут-алаңдар жабдықталған. Сондай-ақ іс-шараларды өткізуге арналған сахна және LED-экран орнатылған.
Сапар барысында өңір басшысы ауданның жаңа әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде барлық сапа стандарттарын сақтай отырып, мектеп құрылысын уақтылы аяқтауды қамтамасыз ету, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту және педагогикалық құрамның біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу, бұқаралық іс-шараларды белсенді насихаттау және секциялар құру арқылы жастарды спортпен шұғылдануға тарту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.