Абай облысында сәулет-құрылыс бақылауы бойынша 108 тексеру жүргізілді

Абай облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жыл басынан бері сәулет-құрылыс бақылауына қатысты жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарынан түскен 2 151 өтінішті қарастырды. Осы өтініштердің негізінде 108 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, әкімшілік сипаттағы тиісті шаралар қабылданды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Шыңғыс Аманжолов мәлімдеді.
Маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заң талаптарының сақталмауы. Басқарма ҚР ӘҚБтК-нің 320-бабы бойынша облыстағы алты құрылыс салушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Сонымен қатар, Шыңғыс Аманжолов 2024 жылғы 8 қазанда мәслихаттың шешімі мен Абай облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес басқарма атауы өзгергенін мәлімдеді. Бұрынғы Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы енді Абай облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы деп аталады. Ал еңбек инспекциясына қатысты функциялар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретіне берілген.