Облыс әкімі арнайы мектеп оқушыларын Жаңа жылмен құттықтады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар оқитын №5 және №6 арнайы мектеп-интернаттарына барды. Аймақ басшысы мекемелердің материалдық-техникалық базасымен танысып, педагогтармен және тәрбиеленушілермен кездесті. Олардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Әкім оқушыларды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Сапар барысында облыс әкімі интернат басшыларынан қандай мәселелер толғандыратынын сұрады. Солардың қатарында интернат ауласында спорт алаңдары мен спортзал салу мәселесі айтылды. Аймақ басшысы бұл мәселелерді шешу бойынша Білім басқармасына тиісті тапсырма берді.
Анықтама: интеллекті жеңіл және орташа бұзылған 250 бала оқитын №6 интернатта 15 оқу кабинеті, 6 шеберхана, сенсорлық бөлме, педагог-психолог кабинеті және басқа да арнайы үй-жайлар жұмыс істейді.
№ 5 интернатта есту қабілеті және сөйлеу қабілеті бұзылған 141 бала оқиды, оның 50-і мүгедек. Мектептің қарамағында 27 оқу кабинеті, жатын бөлмелері, спорт залы, кітапхана және асхана бар.