Қазақстан БҰҰ-ның ЭСКАТО Статистика комитеті бюросының төраға орынбасары болып сайланды
Бангкокта ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов статистика бойынша Азия-Тынық мұхиты апталығы аясында өткен іс-шараларға қатысты. Биылғы іс-шара «Деректер мүмкіндіктері» тақырыбына арналды.
Іс-шара барысында Азия және Тынық мұхиты елдеріне арналған Статистика институты Басқарушылар кеңесінің жиырмасыншы сессиясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) Статистика комитетінің тоғызыншы сессиясы өтті. Талқылаудың негізгі тақырыптары болашақтың икемді статистикалық жүйелері, үлкен деректердің мүмкіндіктері мен әлеуетін пайдалану, икемді статистикалық жүйелерді құрудағы әлеуметтік-ортақ тәсілдер, сондай-ақ тұрақты даму мүддесіндегі деректер мен жасанды интеллект болды.
Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов статистика бойынша Азия-Тынық мұхиты апталығы аясында Қазақстанның атынан БҰҰ ЭСКАТО Статистика комитеті бюросы төрағасының орынбасары болып сайланды, сондай-ақ оның тоғызыншы сессиясының модераторы ретінде сөз сөйледі.
Анықтама:
Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ ЭСКАТО) Статистика комитеті — Азия-Тынық мұхиты аймағында ресми статистиканы дамыту мәселелерімен айналысатын орган. Ол екі жылда бір рет шақырылады.
БҰҰ ЭСКАТО Статистика комитетінің бюросы 2009 жылы Комитеттің ресми сессиялары арасындағы жұмысын қолдау үшін құрылды.