Қала әкімі әлеуметтік нысандардың және бірқатар мекемелердің жұмысымен танысты
Алғашқы аялдама – Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония. Мекеменің жұмысымен танысып, мәдени даму мәселелерін және 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарын талқылады. Сондай-ақ, аумақты абаттандыру мен саябақ аймағын құрудың маңыздылығын атап өтті. Бұл аймақ қала тұрғындары үшін демалып, серуендейтін қолайлы орынға айналмақ.
Сондай-ақ, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға мамандандырылған қызмет көрсететін орталықта болды. Тексеріс барысында қызметкерлердің жұмыс жағдайын және орталықтың жабдықталуын көрді. Мұндағы ұсынылатын қызметтердің сапасына да ерекше назар аударды
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында жұмыс істейтін орталықтың қызметімен танысты. Арнайы көңіл бөлгені– оңалту бағдарламалары мен жәбірленушілерге қолдау көрсету шаралары.
Қалада көру қабілеті нашар және зағип жандарға арналған мамандандырылған кітапхана құрылысы жүргізілуде. Бұл кітапхана мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік интеграциялау мен қолдаудың маңызды нысанына айналады. Сондықтан жобаның жүзеге асырылу барысын және жұмыстың аяқталу мерзімін тексерді.
Сонымен қатар, қиын өмірлік жағдайға тап болған жандарға көмек көрсететін орталыққа барды. Сапар барысында адамдардың ресоциализациялау механизмдері, яғни жаңа қоғамдастықта өмір сүруге бейімдеу мен уақытша тұруға жайлы жағдайларды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Жұмыс сапары барысында қалалық мәдениет үйінің жұмысымен танысып, жергілікті мәдениетті дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Бұдан бөлек, №28 орта мектепке барып, білім ордасының ұжымымен және оқушылармен кездесіп, білім беру мәселелерін және оқу процесін дамыту бағыттарын талқылады.
Сапардың соңғы нүктесі, қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кеңсесі болды. Мұнда оқыту мен білім беру бастамаларын дамытуға арналған ағымдағы жобалармен танысты.
Жұмыс сапары әлеуметтік мекемелердегі ағымдағы жағдайды бағалауға, басшылардың ұсыныстарын тыңдап, алдағы уақыттағы басым міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді.