Семейлік Жанел «Balapan» телеарнасының жүргізушісі атанды
Семей қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназияның 1-сынып оқушысы Жанел Серікбол «Balapan» телеарнасындағы «Ағылшын әліппесі» бағдарламасының жаңа жүргізушісі болып көрермен көзайымына айналды. Ғажабы сол, дарыны ерекше Жанел кастингке қатыспай-ақ, телеарна басшылығынан тікелей шақырту алған. «Ағылшын әліппесі» әр аптаның дүйсенбі мен жұма күндері сағат 12:20 және 19:00-де көрсетіледі.
Жанел бұған дейін де телеэкранда жарқыраған жас талант ретінде назар аудартып жүр. Ол Қазақстан ұлттық арнасының «Таңшолпан», «Хабар» арнасының «Айналайын», «Еуразия» арнасының «Көреміз» бағдарламаларына қонақ ретінде шақырылған. Сонымен қатар халықаралық және республикалық ән мен би байқауларының бірнеше мәрте жеңімпазы. Атап айтқанда, «Жас Дарын», «Жас Жұлдыз» байқауларының VIP Бас жүлдесіне ие болса, «Круче Всех» және «Daryn Stars» би сайыстарында үздік шыққан. Спорттан да нәтижесі бар: каратэдан қызыл белбеу иегері.
Қазіргі уақытта жас өрен би, ән, каратэ және бассейн секцияларына қатысып, өнері мен спортын қатар дамытып келеді. Бос уақытында Instagram мен TikTok желілерінде өнерін бөлісіп, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеріп келеді.