Аустрияның жаңа Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Аустрия Республикасының Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған Елшісі Андреа Бахерден сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Сұхбат барысында тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан мен Аустрия арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады және 2024 жылы екі елдің өзара іс-қимылының қорытындыларын шығарып, алдағы іс-шаралар кестесін мақұлдады.
Жоғары және аса жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогты құптай отырып, тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Аустрия Президенті Александр Ван дер Белленмен 2022 жылы кездесуінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың, сондай-ақ 2024 жылы өткен Қазақстан мен Аустрияның сыртқы саяси ведомстволары басшыларының бірқатар келіссөздерінің іске асырылу барысын талқылады.
Министрдің орынбасары Қазақстан Аустриямен қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуға маңызды мән беріп отырғанын және өзара тиімді сауда-инвестициялық әріптестікті кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.
Осыған байланысты Экономикалық, ауыл шаруашылық, экологиялық, өнеркәсіптік, техникалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) және Іскерлік кеңестің екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы және өзара іс-қимылдың жаңа перспективалық салаларын айқындаудағы орталық рөлі аталып өтті.
ҮАК тең төрағасы ретінде Р. Василенко осы жылдың көктемінде Астана қаласында комиссияның кезекті отырысын өткізуге мүдделілігін растады, сондай-ақ Қазақстанда аустриялық компаниялар, инвесторлар, қаржы институттар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанына және шетелдік капитал мен технологияларды тартатын түрлі жобаларға, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамытуына қатысу мүмкіндігіне бөлек тоқтады.
Екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында Министрдің орынбасары Аустрия Елшісіне Қазақстанда табысты қызмет тіледі.
Анықтама: 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Аустриямен тауар айналымы 332,6 млн АҚШ долларын (экспорт – 9,7 млн, импорт – 322,9 млн) құрады. 2024 жылғы қаңтар-қараша аралығында тауар айналымы 257,4 млн АҚШ долларын (экспорт – 4,1 млн, импорт – 253,3 млн) құрады. 2005 жылдан бері Аустрияның Қазақстанға тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 3 млрд долларды құрады. Қазақстанда аустриялық капиталдың қатысуымен 180-ден астам кәсіпорын тіркелген.