Абай облысы соттары қаралған істер санының өскенін атап өтті
2024 жылы Абай облысы соттарының жұмысының қорытындысы бойынша барлық сот өндірістері түрлерінен қаралған істер санының артқаны байқалады. Барлығы 30 055 іс қаралды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10,9%-ға артық (2023 жылы 26 763 іс қаралған).
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық соттың төрағасы Қайрат Чақпантаев мәлімдеді.
Істер мен материалдар судьялардың өндірісіне қабылданып, уақытылы қаралды. Қарау мерзімдерінің бұзылу фактілері жоқ. Барлық сот актілері бойынша қабылданған шешімдердің мазмұны түсіндірілуде.
Сотқа дейінгі сатыда бақылау күшейтілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ҚР ҚПК 106-бабы тәртібімен (прокурорлар мен тергеу органдарының әрекетіне/әрекетсіздігіне және шешімдеріне шағымдарды сотта қарау) 62 материал қаралып, оның 34-і (54,8%) қанағаттандырылды.
Заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында облыс соттары мемлекеттік органдардың атына 596 жеке қаулы мен ұйғарым енгізді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға көп.
Сондай-ақ, Абай облысы сотының төрағасы татуласумен аяқталатын істер санының артып жатқанын атап өтті.
Іс-шара соңында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік алқалардың төрағалары облыстағы резонанстық істер бойынша түсіндірмелер берді.