Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
529.7 545.96 5.17

Төлеген ақынның төрелігі

Бүгін, 12:17 Сәтжан Қасымжанұлы

Ақын болып өмірін өлеңмен өрген талант иесінің танылуы үшін үлкен әдеби ортада жүру шарт емес. Оның тамаша үлгісін атақ-марапаты басынан асып жатса да туған жерінің төрінде ақындық қырын асқақ ұстаған Төлеген Жанғалиевтің табиғи болмысынан көруге болады. 

Иә, қазақтың қара өлеңін Қарауыл төрінде күзеткен Төлеген ақын жетпістің желкесін бүріп, оның бесінші белесін бағындырыпты. Аз болсын, көп болсын, бабаларымыз қамшы сабымен бағалаған адам маңдайға жазылған ғұмырының маңызын түсініп, үнемі толғаныс үстінде жүрері сөзсіз. Шын ақын үшін маңдайына жазылғаны өлең болса, өмір құбылыстарын, адамның мінез қасиетін, жалпы табиғат ерекшеліктерін жырлау басты парызы болып саналатыны күмәнсіз.

Ұлылар мекеніне, киелі Шыңғыстау топырағына ат басын тіреген кім болсын, алдымен ақынды іздер болса, Төлегендей кесек таланттың есімін қастерлеп арнайы барып төріне озары сөзсіз. Табалдырығынан аттаған үлкен- кіші, жас-кәрінің ешқайсын да жатсынбай, жатырқамай, қайта бұрыннан жақын білетіндей құшақ жая қарсы алатын алдыңғы толқындағы ақын аға бұл мінезін былайша жырға қосады:

«Жидебай» қорық жанымда,

Құрғамай жатқан қонағы.

Бір мейман келсе ауылға,

Алдымен маған соғады.

«Маған» деп мақтан ете алман,

Маған кім сәлем береді.

Алладан жалғыз бата алған,

Абайдай дана керегі.

Шәкәрім баба жатпаса,

Шалғайдан келіп несі бар.

Кемеңгерлер елі басқаша,

«Келем» деп халық асығар...

Алдынан шығып солардың,

Атынан алам түсіріп.

Қонақтарына бабамның,

Қорлық па, жасау кішілік,-дейді ақын «Қара өлең төрін күзеттім» атты өлеңінде.

Расында да ол өзі жырға қосқан ұлы тұлғалар туған топырақтан дарыған ақындық қасиетін айқын сезініп, соған сай ғұмыр кешуді перзенттік парызы санайтын дарын иесі. Сондықтан қалың оқырманының алдында қашан да «Абайлық ақын мен ғана» деп жырлауы табиғи заңдылық. 

Төлеген Жанғалиевтің тағы бір талантқа тән қасиеті Қарауыл төрінде М. Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар мектебін ашып, көптеген жас дарындардың өлең өлкесінде өркен жаюына әсерін тигізгендігі. Бұл бағыттағы еңбегі еш кеткен жоқ, «Ақсұңқардан» түлеп ұшқан таланттар шоғырында Қалқаман Сарин, Арман Шеризатов, Біржан Ахмер, Ұлан Сағадиев, Нұржан Байтөс, Бақытжан Байболов секілді сайдың тасындай іріктелген жас толқынның шығармашылық қуатын, рухани салаға қосып жатқан үлесін қазақтың қара өлеңін қастерлеген жұрт жақсы таниды. 

Осы тұрғыда айта кеткен жөн, «Ақсұңқар» ақындар мектебіне есімі берілген Мерғали Ибраевтай қаламгерлік қолтаңбасын қалдырған ағасын ардақтап, өзіне ұстаз тұтқан Төлеген ақынның «Аға алдында» ақталу атты өлеңі де жайдан-жай жазылмағаны көрініп тұр.

Түсіме кірдің жан аға,

Түксиіп бұлттай түнеріп.

Қолымнан келмес шараға,

Қорланам мен де тірі өліп.

Несіне бүгін жасырам,

Несие сәлем таусылды.

Жаза алмай кейде отырам,

Жаныма батқан шаншуды, - деген ішкі күйінішін, өмір құбылыстарынан туған толғанысын жеткізе келіп:

Кейімей бірақ келемін,

Келер деп кеңдеу замана.

Тектілеу жырға сенемін,

Тек сізден туған жан аға!-деп тебіренеді. 

Жалпы, Төлеген Жанғалиевтің әр жылдарда жарық көрген кітаптарындағы шығармашылық жолы, ақындық ерекшелігі жайында қалам тербегендер аз емесі анық. Жалғаса береріне де күмән жоқ. 

Сөзімізді түйіндей келе айтпағымыз өткен жылдың соңында Абай  облыстық әкімдігінің қолдауымен «Абай жолы» сериясы бойынша оқырманға жол тартқан «Қарқуар» атты жаңа кітабының да өзіндік салмағы бар. Білуімізше, бұл күнде көзден бұлбұл ұшқан ерекше құс. Аспандағы аққуға үнін қосқан ақынның қарқуарды іздеп аласұруы бекер болмаса керек.

Сен барда бұлбұл құс та әнші ме еді,

Бозторғай босқа көкте қалқыр еді.

Сыңғырлап сен кеткенде, сар даланың,

Сырқырап қалушы еді сай-сүйегі.

Жартастар жаңғырығып дауысыңа,

Таңғы ауа тарар еді жанұшыра.

Сақау боп қалушы еді сап тыйылып,

Сайрағыш құстың бәрі сағы сына... 

Осылайша ширыға жырлаған Төлеген ақынның алдағы уақытта Семейдегі Абай атындағы театрда өтетін (25.01.2025 жыл) «Қарқуар» атты шығармашылық кешінде де кеңінен көсілері анық.

Сол күнде жүздескенше, ағайын!

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив