Абай облысында ауыл медицинасы дамып келеді
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында Абай облысының ауылдарында 62 стационарлық медициналық нысан пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта оларды медициналық ұйымдардың балансына беру процесі жүруде. Биыл тағы екі нысан аяқталады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Үржар ауылында 10 төсектік күндізгі стационармен 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салу жобасы іске асырылуда.Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков ауылдағы бейінді мамандар тапшылығын шешу бағытында да жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Олардың қатарына тіс дәрігерлері, хирург, акушер-гинекологтар және т. б кіреді.
Облыста ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 9 жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) жұмыс істейді. Олар 173 елді мекенді қамтыды. 2024 жылы 64 435 адамды қамту жоспарланса, іс жүзінде 56 233 тұрғын көмек алды.Ауыл медицинасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі материалдық-техникалық базаны жаңарту. 2024 жылы 1,3 млрд теңгеден астам сомаға 200 медициналық техника сатып алынды. 2025 жылға 1,2 млрд теңге сомасына тағы 182 жабдық сатып алу жоспарланған.