Әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру жоспарлануда
Қорғаныс министрлігі қорғаныс ведомствосы басшысының "Әскери міндеттілерді 2025 жылы әскери жиындарға шақыру туралы" бұйрығының жобасын дайындады.
Нормативтік құқықтық акт "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы ҚР Заңы 33-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді.
Іс-шараларды әскери басқару органдары мен уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізеді.
Әскери жиындардың негізгі мақсаты - бейбіт уақытта қысқартылған санда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, жұмылдыру кезінде ҚР Қарулы күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарын орналастыру үшін қажетті әскери-оқытылған ресурстарды дайындау және запаста жинақтау.
Әскери жиындар жыл сайын 30 күнге дейін өткізіледі. Осы кезеңде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен лауазымы сақталады, оларға орташа жалақы төленеді. Жұмыс істемейтіндер ең төменгі жалақыны мемлекет есебінен алады.
Әскери міндеттілерді жиындарға және кері тасымалдау теміржол немесе автомобиль көлігімен жүргізіледі. Азық-түлік Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, әскери жиындарға шақырылған барлық әскери міндеттілер әскери міндеттілердің тиісті санаттары үшін белгіленген нормалар бойынша заттай мүлікпен және қызметтегі әскери қызметшілермен тең дәрежеде ұйымдастырылатын медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.
Жиынға шақырылған әскери міндеттілер казармада тұрады. Оларды бөлімнің орналасқан жерінен босатуды ішкі қызмет жарғысында белгіленген тәртіппен жиын бастықтары жүргізеді.
Әскери тәртіп пен қоғамдық тәртіпті бұзғаны, қылмыс жасағаны, сондай-ақ мемлекетке келтірілген материалдық залал үшін әскери міндеттілер Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.
Әскери міндеттілер әскери жиындардан жалтарғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.