Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
519.28 540.05 5.31

Мәжіліс Қатармен құқық қорғау саласындағы халықаралық келісімдерді ратификациялады

Кеше, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Сонымен қатар мәжілісмендер Қатар және Ресей Федерациясымен бірқатар халықаралық келісімді ратификациялады.

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикалық дамудың бірқатар көрсеткіші бойынша оң серпін бар екенін атап өтіп, алдағы бес жылға арналған жұмыстың басты  бағыттарын айқындап бергенін айтты.

– Президенттің барлық тапсырмасының артында, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту мақсаты тұрғанын атап өткім келеді. Осыған орай заңнамалық шешімдердің бәрі халықпен тығыз байланыста қабылдануға тиіс. Халықтың пікірі, азаматтардың ерік-қалауы – Мемлекет басшысының саясатының басты өзегі. Сондықтан депутаттар күнделікті жұмыста осы қағиданы ұстануымыз керек. Алға қойылған мақсат-міндеттерді іске асыру үшін әр депутат, әр фракция жұмыла жұмыс істеуі қажет, – деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері ең алдымен, заң мен тәртіпті сақтауға бағытталған шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Мәселен, алда қаралатын Цифрлық кодекс жобасы шеңберінде еліміздің тұрақтылығына нұқсан келтіретін жалған ақпараттың таралуына заңнамалық тұрғыдан тосқауыл қойылмақ. Сондай-ақ жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жұмыс жалғасын табады.

Салық реформасы барынша сараланып, байыппен қаралады. Ерлан Қошанов аталған өзгерістерді барлық қырынан жан-жақты қарастырып, салық саласындағы жағдайды жақсартуға бағытталған салмақты шешім қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар атом электр стансасын салатын орынды  анықтау тақырыбы салалық комитет пен Қоғамдық палата отырыстарында сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен талқыланып, соның қорытындысы бойынша конструктивті ұсыныстар әзірленетін болады.

Мәжіліс Қатармен екі халықаралық келісімді ратификациялады: 2024 жылғы 14 ақпанда Доха қаласында жасалған қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы. Құжаттар жөнінде Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев баяндама жасады.

– Келісім күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін процессуалдық әрекеттерді жүргізуді көздейді. Мұндай іс-шараларға – қамаудағы адамдарды уақытша беру, тінту, қылмыстан түскен табыстарды тәркілеу, банктегі шоттарды анықтау, сараптама жүргізу және басқалар кіреді. Бұл іс-қимылдарды жүргізу механизмі біздің Қылмыстық-процестік кодексте қарастырылған. Егер мұндай әрекеттер Қатар аумағында жүзеге асырылса, онда уағдаластық бойынша біздің құқық қорғау органдарының қызметкерлері оған қатыса алады. Келісімде сондай-ақ құқықтық көмек көрсетуден бас тартуға негіздер бар, – деді Ғ.Қойгелдиев.

Екінші келісім қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамдарды ұстап беру тетіктерін құруға бағытталған. Тараптар жасаған қылмысы үшін кемінде бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру немесе одан да қатаң жаза көзделген адамдарды сұрау салу бойынша ұстап беруге міндеттеледі. Ұстап беруден бас тарту негіздері де қарастырылған. Мысалы, егер қылмыс саяси сипаттағы қылмыс болған жағдайда немесе ұстап беру сұралып отырған тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе басқа да маңызды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болған жағдайда.

Жұмыс тобының жетекшісі Нұрсұлтан Байтілесов өзінің қосымша баяндамасында аталған келісімдер құқық қорғау саласындағы Қазақстан-Катар қатынастарының жаңа кезеңін бастап, келешекте екі ел азаматтарының мүдделерін қорғау тетіктерін сапалы түрде жақсартуы тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ Мәжіліс Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Қазақстан мен Ресей біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан мен Ресей энергожүйелерінің шекарасында ауытқулар ұлғайып, яғни келісілген мемлекетаралық сальдосы +/- 150 МВт көлемінен едәуір асып түскенін хабарлады. Осыған орай Ресей тарабы біріңғай энергетикалық жүйелердің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді жаңарту мәселесіне бастамашылық еткен.

– «KEGOC» АҚ-мен «Интер РАО» ЖАҚ арасындағы ауытқуларды өтеу мақсатымен электр энергиясын сатып алу-сату жүзеге асырылатын өзекті жағдайлар көзделген. Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде «Интер РАО» ЖАҚ рентабельділік нормасы қазақстандық тараптың рентабельділік нормасын сақтауды қолдауына байланысты 2,5 пайызға дейін төмендетілді, – деді министр.
Сонымен қатар жалпы отырыс барысында Мәжіліс дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Заң жобасы 2024 жылғы 13 қарашада бірінші оқылымда мақұлданды.

Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Нартай Сәрсенғалиев заң жобасын әзірлеу барысында депутаттар оған бірнеше маңызды түзету енгізгенін айтты. Мысалы, спорт түрлерін мемлекеттік қаржыландыру тәсілдері қайта қаралады.

– Заңға жоғары жетістіктер спорты деген түсінік енді, салаға бөлінген мемлекеттің қаржысы енді соларға бағытталады. Жоғары жетістіктер спортына: Олимпиада, Параолимпиада, Сурдоолимпиада, Азия, пара Азия ойындары және ұлттық спорт түрлері кіреді. Бұрын уәкілетті министрлік 180-нен астам спорт түрін тіркеп қойып оның барлығына қаржы беріп келген болса енді олардың саны 3 есеге қысқарады. Жоғары жетістіктер спортының ішінде жоғары жетістік көрсеткендері үшін басым спорт түрлері деген түсінік енгізіліп, оның басымдықтары да айқын көрсетілді, – деді депутат.

Депутаттар енгізген тағы бір маңызды өзгеріс – легионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектор бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салатын норма.  Енді тек жоғары жетістіктер спорты мен басым спорт түрлерін дамытуға, мемлекеттік ұйымдардың жұмыс істеуіне, бұқаралық спортқа және спорттық инфрақұрылымды дамытуға қаржы бөлінеді.

Сондай-ақ заңда спорт федерацияларын аккредитациялаудың сатылы үлгісін құру қарастырылған. Енді жергілікті аккредиттелген спорт федерацияларының республикалық немесе облыстық спорт федерациясына мүше болуы талап етіледі. Бұл ретте Туризм және спорт министрлігінің жеке құзыреттерін шамадан тыс заңнамалық реттеу нормаларын алып тасталады. Туризм, дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары, мақсаттары мен міндеттері нақтыланды.

Мәжіліс комитеттері үш жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар: тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері туралы; жеке тұлғалар үшін лизинг енгізу мәселелері туралы; 2024 жылғы 14 ақпандағы БҰҰ бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға хаттар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 20 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив