Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік қолдау беріледі

Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында 2020 жылдан бастап «Тәлімгерлер» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға 10-18 жас аралығындағы балалардың 80%-ы қамтылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Абай облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Асем Нүскенова мәлімдеді.
«Тәлімгерлер» жобасы республикалық жеке қор «ДАРА» және Семей қаласындағы «Отбасы орталығы» қоғамдық қорының бастамасымен жұмыс істейді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 5 жеке және 7 корпоративтік тәлімгер көмек көрсетуде.
Балаларды қолдау орталығының педагогтері сабақты түрлі форматта ұйымдастырып, оқу орындарына және кәсіпорындарға экскурсиялар, ақпараттық әңгімелер, пікірталастар, семинарлар, әртүрлі мамандықтардың өкілдерімен кездесулер жасайды. Бұл балалардың психологиясына оң әсерін береді екен.
Сонымен қоса, брифингте Асем Нүскенова өткен жылдың соңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша маңызды қадамдар жасалғанын айтты.
«Бала құқықтары туралы» заңда балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 70-тен астам түзетулер енгізілген. Сондағы жаңашылдықтардың қатарында тәулік бойы көмек көрсету қызметін атқаратын «111» байланыс орталығы бар. Оның жұмысына Абай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Эльзира Солтабаева жеке тоқталды.
Қазіргі таңда қамқоршылық және қорғаншылық функцияларын қалалық және аудандық білім бөлімдері атқарады. Абай облысы бойынша қамқоршылық және қорғаншылық органдарында барлығы 22 маман жұмыс істейді. Оның ішінде: 9 мемлекеттік қызметші (1 бос орын) және 13 әдіскер (3 бос орын).