«Жоғары жақтан рұқсат жоқ». Кәсіпкерлер 50 мың тонна мақсарыны экспорттай алмай отыр
Қазақстандық мақсары өсірушілер Қытайға тауарын экспорттай алмай шығынға батып жатыр. Олардың жүгі шекарадан шыға алмағанына айдан асты. Ұлттық палатаға 50 мың тонна мақсарыны шығара алмай отырған кәсіпкер жүгінді.
Kaz Biotech Group компаниясының директоры Шағанбек Қанжарбайұлы Қытайға майлы дақылдарды экспорттайды. Бірақ соңғы айда өнімі Қазақстан шекарасынан аса алмай, шығынғы батып жатыр.
«Шымкентте жылына 50-60 мың тонна мақсары өндіріледі. Былтыр тамыздан бері Қытайға 5 мың тонна шығардық. Тапсырысқа 20-30 мың тонна алғанбыз. Бәрі қоймаларда тұр. Себебі Қорғастағы шекарада экспорт тауары шықпай, бос көліктер өтіп жатыр. 500 бос көлік кіреді де, Қытайдың затын алып шығады. Ал біздің 20-30 көлігіміздің тұрғанына айдан асты. Батыс Қазақстаннан әкелген мақсарымыз да Алматыдағы қоймаларда тұр. Жалпы 50 мың тоннадан асады. Енді жүргізушілер ақысын көтеруді сұрап жатыр. Әйтпесе, тауарды бермейміз дейді», – деп шағымданды кәсіпкер.
Алайда диқанның проблемасын түсінетін де, шығынын өтеп беретін үкімет те жоқ. Кәсіпкерлер мұндай кептеліс «қолдан жасалды» деп мемлекеттік органдарды айыптап отыр. Сауда министрі де мәселеден хабардар, бірақ нәтиже жоқ.
«Алдында сауда министрімен сөйлестік, шешіп береміз деген. Әлі шешпеді. Олар «салық комитетіне жаздық, күтіп отырмы»з дейді. Үкімет бізге неге кедергі жасайтынын түсінбеймін. Экспорт маңызды ма, импорт маңызды ма? Үкімет кімнің мүддесін ойлайды? Көктем келді, жерді жыртып, егін егу керек. Тауары әлі сатылмады. Енді шаруалар келер жылы екпейміз деп шулап жатыр», – деді Шағанбек Қанжарбайұлы.
Сонымен қатар, кәсіпкер Қытайға кіретін жүргізушілердің виза мәселесі шешілмегенін атап өтті.
«Аралықтағы әрбір шопырға Қытайға кіру үшін мың доллар төлейміз. Бұрын 300 доллар төлейтінбіз. Бұрын мұндай болмайтын. Қазір араға делдалдар кіріп, ақша істеп жатыр. Мұның бәрін кім реттейді. Үкімет неге шешпейді. Айғайлағанымызға қанша уақыт болды. Енді шешіп бермесе, мақсары да шіріп кетеді. Қанша жерге жаздық. Бірі екіншісіне сілтейді», – деді ол.
Шаруа күнбағыс майын да Қытайға шығарады. Оның айтуынша, үкімет диқандарға кеден салығын 20 пайыз қылса, Қытай тағы 30 пайызын алады. Екі ортада диқандар пайдасыз қалады.
«Үкімет ел ішінде сатып алсын, қарсы емеспіз. Бірақ не өздері алмайды, не сыртқа шығаруға мүмкіндік бермейді. Сонда диқандарды өлтіреміз бе? Үкімет сатып алса, экспортқа тыйым салсын. Бірақ өз өнімізді өзіміз шірітіп жатырмыз. Жалпы үкімет бағаны тұрақты ету үшін диқанды құрбан қыла салады. Басқа жол жоқ па?» – деп қынжылды кәсіпкер.