Жол-көлік апаттарын азайту және жол инфрақұрылымын жақсарту шаралары талқыланды

Семей қаласы әкімдігінде құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға қала әкімі Талғат Мұратов, Семей қаласы полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіғалиев, қала прокуроры Дәулет Кенжебеков және бөлім басшылары қатысты.
Күн тәртібінде құқық бұзушылықтың алдын алу, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымының жай-күйі мен жолаушылар тасымалы ережелерінің сақталуы қарастырылды.
Қалалық полиция басқармасының бастығы Қайрат Абдығалиев өз баяндамасында көлік қозғалысы артқандықтан, жол қауіпсіздігін арттыру жобаларын ұсынды.
«Сергек» жүйесінің деректеріне сәйкес, 2022 жылдан бастап қала жолдарындағы көлік саны үш есеге артып, тәулігіне 44 мыңнан 135 мыңға дейін жеткен. Бұл жол инфрақұрылымына түсетін жүктеменің артуына, көлік кептелістерінің көбеюіне және жол апаттарының жиілеуіне әкелуде.
«Жол инфрақұрылымын дамыту – ең алдымен азаматтарымыздың қауіпсіздігі. Бізге жол-көлік апаттарының алдын алып, қозғалысты жақсартуға мүмкіндік беретін кешенді шешім қажет», – деді қала әкімі.
Қала әкімі полиция бастамасын қолдап, жобаны жүзеге асыру бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырды.