Берік Уәли Жарма ауданындағы мектептерді аралады
Абай облысының әкімі Жарма ауданына жұмыс сапары барысында Шар қаласындағы Карелин атындағы орта мектеп пен Новотаубинка бастауыш мектебінің жағдайымен танысты.
Новотаубинка бастауыш мектебі 1964 жылы балабақша ретінде салынған. Қазіргі таңда 36 оқушы 2 ауысымда білім алуда. Ғимараттың қабырғалары жарылып, апатты деп танылған. Электр желілері мен су құбырлары да ескірген. Спорт залы, кітапхана, мұғалімдер бөлмесі және медициналық пункт қарастырылмаған. Ауылдың 5-11 сыныптарындағы 42 оқушы Суықбұлақ ауылына автобуспен барып оқиды. Мектеп директорының айтуынша, жаңа ғимарат салу мәселесі 2011 жылдан бері көтерілген. 2 қабатты, 100 орындық мектеп салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
Ғимаратты аралап көрген облыс әкімі жаңа мектеп салудың өзекті екенін атап өтіп, мәселені өз бақылауына алатынын айтты.
Аймақ басшысы Шар қаласындағы Карелин атындағы орта мектепте де болды. Бүгінде мұнда 566 оқушы білім алады. Білім ордасындағы өзекті мәселенің бірі – спорт залы мен асхананың бөлек ғимаратта орналасқандығы. Бұл әсіресе оқушыларға қыс кезінде қиындық тудырады.
Оқушыларға қолайлы болу үшін спорт залы, асханасы, жылы өткелі бар қосымша нысан салу қажеттігі туындап отыр. Жобалық-сметалық құжат дайындалған.
Облыс әкімі мектептің оқушыларға қолайлы болуы маңызды екенін атап өтіп, Білім басқармасына мәселені жан жақты қарастырып, тиісті ұсыныс беруді тапсырды.