«Наурыз туралы аңыз» қойылымы жас көрерменге жол тартты

Семей қаласындағы Балалар мен жастардың шығармашылық сарайында Наурыз мерекесіне орай алғаш рет «Наурыз туралы аңыз» атты көрініс қойылды. Қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен рухани құндылықтарын дәріптейтін бұл қойылымды мектеп оқушылары тамашалады.
Көріністе қазақ ертегілерінің сүйікті кейіпкерлері сахна төріне шықты. Күн мен түннің теңелуі қос бұрымды Күнсәуле мен Айсәуле арқылы бейнеленді. Олардың нұрын тұмшалап, Наурыздың шуағын көлегейлемек болған Мыстан кемпірдің айласына қарсы тұруға Алдар көсе, Қошқар мен Теке көмектесіп, мерекені құтқарып қалады.
Көріністен кейін ұлттық ойындар ұйымдастырылып, балалар асық ойнап, бәсекеге түсті. Жас күйшілер күйден шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, Қыдыр ата оқушыларға Наурыз мейрамы туралы қызықты сұрақтар қойып, жұмбақ жасырды, балалардың білімдерін сынап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Осындай қойылымдар арқылы оқушылар ұлттық салт-дәстүрлермен жақынырақ танысып, Наурыздың терең мәнін түсінуге мүмкіндік алды.