Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық мектеп ашылды
Бүгін Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №51 білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, «Самұрық Қазына констракшн» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов, білім саласының ардагерлері, ақсақалдар және ата-аналар қатысты.
Жаңа да жайлы мектепте оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген білім ордасында 65 сынып-комплект бар. Оның ішінде екі мектепалды даярлық сыныбы жұмыс істейді. Мектепте 100-ге жуық педагог еңбек етеді.
Жаңа мектеп 33 оқу кабинетімен қатар, үш информатика кабинеті, робототехника сыныбы, STEM зертханасы, графика және модельдеу, мультимедиа, визуалды өнер пәндік кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ «үй мәдениеті» мен «тамақтану мәдениеті» шеберханалары қарастырылған. 250 орындық акт залы, 338 орындық асхана, ресурстық орталық пен кітапхана, екі спорт залы, екі футбол алаңы оқушылардың шығармашылық, интеллектуалдық, спорттық тұрғыдан дамуына мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы жаңа мектептің ашылу салтанатында сөйлеген құттықтау сөзінде білім ордасының Қарағайлы ықшам ауданы үшін ғана емес, қала тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Аймақ басшысы облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 мектеп салу жоспарланғанын, бүгін Бесқарағай ауданында 300 орындық мектеп ашылатынын, жаңа оқу жылында Семей қаласы мен Аягөз қаласында екі білім ордасы пайдалануға берілетінін айтты. Облыс әкімі ашылу салтанатынан соң қонақтармен бірге мектептің кабинеттері, кітапханасы, зертханаларын және шеберханаларын аралап, спорт залдары мен футбол алаңын көрді. Оқушылармен, мұғалімдермен пікірлесіп, жаңа мектептегі жаңа қадамдарына сәттілік тіледі.
Оқушылардың ата-аналары жаңа ықшам ауданның екінші мектеппен толыққанына ризашылықтарын жеткізді.