Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
521.67 592.46 6.32

Мәжіліс депутаттары агроөнім экспортын арттыру жолдарын талқылады

9-04-2025, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің ұйымдастыруымен «Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты: проблемалары мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау бастаған депутаттар, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Сыртқы істер вице-министрлері, сондай-ақ Қаржы, Ұлттық экономика және Көлік министрліктерінің өкілдері, ұлттық компаниялардың басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.

Жиынға төрағалық еткен Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев өз сөзінде агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сыртқы нарыққа шығару – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызды бағыт екенін атап өтті.

Комитет төрағасының мәліметінше, бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 5,1 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Оның ішінде өңделген өнімдер – 52%, өсімдік шаруашылығы – 43,5%, мал шаруашылығы – 4,4% үлесті иеленуде. Ал, импорт көлемі 6,6 млрд долларға жеткен.

– Негізгі импорттық тауарлар қатарында азық-түлік өнімдері, бидай, шоколад, қант, нан және ұннан жасалған кондитерлік бұйымдар, минералды және газдалған сулар, ірімшік пен сүзбе, құс еті секілді өнімдер бар. Демек, ауыл шаруашылығы саласындағы сауда балансы әзірге бізге тиімді емес, – деді Серік Егізбаев.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының экспорт географиясын кеңейту және отандық өнімдерді шетел нарықтарына шығару жөнінде нақты тапсырмалар бергенін еске салды.

Мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы елімізде 25,2 млн тонна көлемінде рекордтық астық жиналып, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттырған. Мал шаруашылығы саласында да ілгерілеушілік байқалады. Бүгінде Қазақстан ірі қара, қой еті, бал, құс еті, тері, бие және түйе сүті, акваөсіру өнімдерін экспорттауға мүмкіндік алып отыр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, экспорт жолында бірқатар кедергі бар. Атап айтқанда, Ресейдің фитосанитариялық шектеулері, Қытай кеденіндегі рәсімдердің ұзақтығы (5–15 күн), Қорғас теміржол станциясының өткізу қабілетінің төмендігі және контейнерлердің жиналып қалуы (4500-ге дейін). Бұл мәселелер бойынша тиісті келіссөздер жүргізілуде.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар экспорттағы логистикалық және кедендік рәсімдерді оңайлату, нарықтарға қолжетімділік, ет өнімдерінің экспорттық әлеуеті, ветеринариялық шектеулер, инфрақұрылымдық тосқауылдар, сондай-ақ астықты сақтау, сату және тасымалдау жүйесіндегі түйткілді мәселелерді кеңінен талқылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив