Берік Уәли өңірдегі тазалық жұмыстарын сынға алды
Абай облысы әкімдігінде аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен «Таза Қазақстан» бағдарламасының аймақта жүзеге асырылуы бойынша жиын өтті. Отырысқа басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері және қала-аудан әкімдері бейне режимде қатысты.
Жиында Семей қаласының әкімі Талғат Мұратов пен табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айнұр Ақмырзаның есебі талқыланды.
Қала әкімінің айтуынша, 5 сәуірде облыс орталығында өткен жалпықалалық сенбілікке 12 мыңнан астам адам қатысқан. Ал облыс бойынша тазалық акциясына 21 мыңға тарта тұрғын қатысып, 749 ұйым мен 338 техника жұмылдырылған.
Алайда атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітпейді. Облыс әкімі жиында Семей қаласындағы тазалық жұмыстарының лайықты деңгейде жүргізілмегенін, сенбілікте жиналған қоқыстардың дер кезінде шығарылмай жатқанын сынға алды.
Жиында Семейдегі қоғамдық көлік қызметінің сапасына қатысты да сын айтылды. Автобустардың жүру кестесі мен уақытын, сондай-ақ көліктердің маршрутқа шығуын қадағалау жұмыстарының әлсіздігі атап өтілді.
Аймақ басшысы Семей қаласының әкіміне тазалыққа жауапты мердігер компанияның жұмыс сапасына бақылауды күшейтуді, жергілікті полиция басқармасымен бірлесіп заңсыз қоқыс орындары бойынша айыппұл салу жұмыстарын жүргізуді, сенбіліктен кейін жиналған қоқыстарды бір тәулік ішінде шығаруды, көшелерді күнделікті жуып отыруды тапсырды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің өз аумақтарында санитарлық тәртіпті сақтауын қамтамасыз ету, қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларын тәртіпке келтіру, көгалдандыру жұмыстарын алдын ала жоспарлап, нақтылау қажет екені атап өтілді.