Облыс әкімі Жаңасемей ауданының ақсақалдарымен кездесті
Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына жұмыс сапары барысында Қайнар ауылында өңірдің ақсақалдарымен кездесті.
Басқосуға қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесінің өкілдері, ауданның бірнеше ауылының ардагерлері қатысты.
Кездесу барысында ақсақалдар Жаңасемей ауданындағы өзекті мәселелерді көтерді. Шаруа қожалықтарын электр энергиясымен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, жастарға мал шаруашылығымен айналысу үшін жер бөлуге қатысты ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, бұрынғы полигон аймағына қатысты түйткілдерді, ауылдарда интернеттің баяулығын, ауыз су тапшылығын және жол мәселесін көтерді. Бос тұрған ғимараттарды жөндеп, ел игілігіне пайдалануды, елді мекендерге спорт кешендерін салуды, кен орындарын жергілікті жерде тіркеуге байланысты ұсыныстарын айтып, толғандырған сұрақтарын қойды.
Облыс әкімі кездесуде айтылған ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын айтып, көтерілген өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.