Қазақстан транзиттік әлеуетті белсенді дамытуда

2025 жылдың 10 сәуір күні Стамбул қаласында (Түркия) «Орнықты жаһандық құн тізбегі үшін байланысты қалай тиімді етуге болады» тақырыбында ЭЫДҰ-ның дамушы нарықтар жөніндегі форумы өтті.
Іс-шараға G20 елдерінің және басқа да дамушы экономикалардың министрлері мен министрлердің орынбасарлары, халықаралық ұйымдардың (ЭЫДҰ, БҰҰДБ, АДБ, ЕО) өкілдері, дипломаттар, сарапшылар, сондай-ақ жеке сектордың өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегациядан форумға ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова, «QazTrade АҚ» Басқарушы директоры Нұрлан Құлбатыров, сондай-ақ Қазақстанның Түркиядағы сауда өкілі қатысты.
Іс-шара аясында сауда-көлік байланысының тұрақтылығы мен ауқымдылығына, мультимодальды дәліздерді дамытуға, сондай-ақ жаһандық қосылған құн тізбегін интеграциялауға қатысты негізгі мәселелер талқыланды.
Цифрландыруға, инфрақұрылымды тұрақты қаржыландыруға, өңірлік ынтымақтастыққа және жаһандық сын-қатерлер жағдайында бизнесті қолдауға ерекше назар аударылды.
Форум барысында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова жаһандық геоэкономикалық өзгерістер жағдайында сауда-көлік байланысын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, елдің негізгі басымдықтарына тоқталды. Қазақстан теңізге шыға алмайтын мемлекет ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын, «Солтүстік – Оңтүстік» және Трансафған дәлізін қоса алғанда, баламалы маршруттарды белсенді дамытуда. Осылайша, ТХТМ бойынша тасымалдау көлемі 2024 жылы 63% - ға өсіп, 4,1 млн тоннаны құрады. Контейнерлік тасымалдар 2,6 есе өсті, бұл осы бағытқа деген жоғары қызығушылықты дәлелі.
Сонымен қатар, Жанель Кушукова сауда байланысы контекстінде «жұмсақ инфрақұрылымға» ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Мәселен, 2024 жылы Қазақстан сыртқы экономикалық қызмет саласындағы бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының бірыңғай экожүйесі болып табылатын KEDEN кедендік ресімдеудің бірыңғай жүйесін енгізді.
Ол Қазақстан ЕО Global Gateway және қытайлық «Белдеу және жол» бастамалары аясында белсенді ынтымақтасатынын атап өтті. Биыл Қазақстан «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитін қабылдайды. Бұл ретте біздің еліміз Қазақстан аумағы арқылы өтетін сауда-көлік бағыттары Халықаралық әріптестер үшін барынша тиімді және ыңғайлы болатын жағдайлар жасауға ұмтылады.
Соңында Қазақстан өкілдері инфрақұрылымға инвестициялардан бастап – цифрлық интеграция мен саясатты келісуге дейінгі бірлескен күш-жігердің қажеттілігін атап өтті. Қазақстан әріптестікке ашық және орнықты даму жолында өңірлік және жаһандық байланысты нығайтуды жалғастыруға дайын.