Қазақстан мен Ресей энергетикалық ресурстар транзиті және стратегиялық серіктестікті талқылады

ҚР Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев пен Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Александр Новакпен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері қозғалды.
Талқылау Қазақстанның мұнай және газ құбырларының транзиттік әлеуетін кеңейту мәселелерін қамтыды. Сондай-ақ, экономикалық тиімділік пен ұлттық басымдықтарды ескере отырып, Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарын газдандыру нұсқалары қарастырылды. Күн тәртібіне ОПЕК+ аясындағы үйлестіру, электр энергиясы, гидроэнергетика, жаңартылған энергия көздері салаларындағы ынтымақтастық, мұнай-газ жобаларындағы компаниялардың қатысуы және бейбіт атом мен қаржылық-банктік сектордағы бірлескен жұмыс мүмкіндіктері не қатысты жалпы энергетикалық ынтымақтастық мәселелері кірді.
Кездесу барысында сондай-ақ, жаңа жылу электростанцияларын салу жобаларын қоса алғанда, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ҚР-ның ұлттық басымдықтары талқыланды. Оның жүзеге асырылуына әсер ететін негізгі факторлар мен қаржыландырудың қолайлы шарттары мәселелері де көтерілді. Тараптар көмір генерациясындағы технологиялық шешімдер жөнінде пікір алмасты.
«Біз Ресейлік әріптестерімізбен энергетикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша мазмұнды және конструктивті диалог өткіздік. Қазақстан үшін өз энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жеткізілімнің сенімділігін арттыру және саланы жаңғырту жоспарларын жүзеге асыру – басты басымдық болып табылады. Барлық бірлескен жобалар мен бастамаларды экономикалық тиімділік пен өзара пайда негізінде ұлттық мүдделер аясында қарастырамыз», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов кездесудің қорытындысында.
Тараптар стратегиялық серіктестік пен конструктивті ынтымақтастыққа деген ұстанымдарын тағы бір мәрте атап көрсетті. Қатысушылар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында барлық талқыланған мәселелер бойынша белсенді диалогты жалғастыруға келісті.