Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы: Абай облысында ел бірлігінің нышаны ұлықталды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған кеңейтілген кеңес өтті. Жиынға өңірдегі этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық институттардың өкілдері қатысты.
Бүгінде облыста 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жыл басынан бері қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған 250-ден астам іс-шара ұйымдастырылған.
Кеңесте сөз алған облыс әкімі Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің бірегейлігін айқындайтын, азаматтық тұтастығын арттыратын, этносаралық келісімді нақты іспен жүзеге асыратын маңызды қоғамдық институт екенін атап өтті.
Облыс әкімі жиын барысында Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» республикалық акциясы басталғанын айтты. Игі бастама аясында еліміздің барлық облыстары өңірімізге тарту жасамақ. Аймақ басшысы Маңғыстау облысы Семей қаласына жаңа Достық үйін салып беретінін жеткізді.
Кеңес аясында этномәдени бірлестік, қоғамдық институт өкілдері, діни қызметкерлер, Достық үйлерінің директорлары, мәслихат депутаттары мен еңбек ардагерлері «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.