Абай облысында балалар қауіпсіздігіне бағытталған шаралар күшейтілуде

Абай облысында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды мәселелердің бірі. Өңірде бұл бағытта кешенді профилактикалық шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
Биыл жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалар 25%-ға артқан. Семей қаласында бұл көрсеткіш екі есеге көбейген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бауыржан Садақбаев мәлімдеді.
Жаз мезгілі мен мектеп демалысы кезеңінде балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлау фактілері жиілеп отыр. Осыған байланысты Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Былтыр бұл бағыттағы ақпараттық түсіндіру жұмыстары 1 500-ден астам адамды қамтыған.
Осы орайда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында облыс аумағында 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы бастау алған болатын.
Бауыржан Садақбаевтың айтуынша, аталған шара аясында 330 қызметкер жұмылдырылып, тек алғашқы төрт күн ішінде 180 кәмелетке толмаған бала ішкі істер органдарына жеткізілген. Нәтижесінде 181 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Сонымен қатар, 14 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылып, 5 ата-ана арнайы есепке қойылған. Оқу орындарында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында 56 дәріс, ал киберқауіпсіздік мәселелері бойынша 14 кездесу ұйымдастырылған.