Аймақ басшысы Су ресурстары және ирригация министрімен кездесті
Абай облысының әкімі Берік Уәли Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен кездесті. Салалық басқарма басшысы, өңірдегі су шаруашылығы құрылымдарының өкілдері қатысқан жиында аймақтағы суармалы жерлердің көлемін арттыру, жаңа су қоймаларын салу және су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері талқыланды.
2024-2028 жылдар аралығында облыстың Үржар, Мақаншы, Ақсуат, Көкпекті аудандарында су қоймаларын салу жоспарланған. Жоба іске асқан жағдайда суармалы жерлер орта есеппен 100 мың гектарға дейін ұлғаяды. Бұл өңірдегі агросектордың дамуына, өнім көлемінің артуына және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация министрі кездесуде жоғарыда аталған су қоймаларын Ислам даму банкі арқылы қаржыландыруға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Облыс әкімі су қоймаларын салу өңір тұрғындары үшін өзекті мәселе екенін атап өтті.