Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
521.9 593.5 6.39

Қоғамдық кеңесте отандық туризмнің болашағы талқыланды

17-04-2025, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Туризм және спорт министрлігі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, сондай-ақ Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Қоғамдық кеңесінің өкілдері бірлескен отырыс өткізді. Жиында елдің туристік саласын дамытуға қатысты маңызды мәселелер қаралды.

Іс-шара аясында саланың 2024 жылғы жұмысы қорытындыланды. Былтыр ішкі туристер саны 10,5 миллион адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты. Жалпы алғанда, 2024 жылы елімізге 15,3 миллион шетелдік қонақ келген. Бұл көрсеткішке жұмыс бабымен немесе тұрақты тұруға келген меймандардың саны кірмейтінін айта кеткен жөн. Бір жыл ішінде 10,4 миллион адам елде бір күннен артық уақыт болған.

Отырыс барысында инвестиция тарту мен туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Салада негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 947,5 миллиард теңгені құрап, орналастыру орындарының саны 4 303-ке жетті. Бір мезгілде қабылдау сыйымдылығы 226 мыңнан астам төсек-орынға дейін ұлғайды.

Сонымен қатар жиын барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысы да талқыланды. 2025 жылы Щучье-Бурабай курорттық өңірін дамытуға арналған Кешенді жоспар бекітілді. Жоспар аясында биыл аймақта 118 іс-шара іске асырылады. Басты жобалардың қатарында – инженерлік желілер, су құбырлары, құтқару станциялары құрылысы, жағажайлар мен темір жол вокзалдарды абаттандыру, сондай-ақ Бурабай кентінде 1000 орындық Конгресс-орталық салу бар.

Бұдан бөлек, туристік қызметтердің сапасын арттыру, агротуризмді дамыту, қонақүйлердің жаңа классификация жүйесін енгізу және мамандар даярлау мәселелері де көтерілді. Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті сала мамандарын даярлайтын маңызды білім беру орталығына айналғаны айтылды. Онда қазіргі заманға сай бағдарламалар бойынша 3 мыңға жуық студент білім алуда.

«Елімізде экотуризмді дамытуға мүмкіндік беретін табиғи ресурстар жеткілікті. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының есебіне сәйкес, экологиялық туризм алдағы онжылдықтардағы негізгі трендтердің бірі болмақ. Сондықтан біз барлық мүдделі тараптармен бірлесе отырып, бәсекеге қабілетті әрі тұрақты туристік инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет. Бұл Қазақстанға халықаралық деңгейде лайықты орын иеленуге жол ашады», — деді Ербол Мырзабосынов.

Бірлескен отырыс туристік саланың тұрақты дамуына және Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жүйелі бастамаларды талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив