Аягөзде жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстар қарқынды жүргізілуде
Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы маусымдық профилактикалық сабақ өткізілді. Іс-шараға әскерге шақырылушыларды қабылдайтын комиссия мүшелері мен жеке құрам қатысты.
Әскер қатарында жемқорлыққа қарсы кешенді профилактикалық жұмыстар жыл сайын қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, Қарулы Күштер қатарында жемқорлық іс-әрекеттерін болдырмау мақсатында түсіндіру, ескерту жұмыстары барынша жүзеге асырылуда. Аталмыш тақырып аясында өткізілген профилактикалық сабақта Аягөз гарнизоны Әскери полиция бөлімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі аға офицері әділет аға лейтенанты Тахир Жанабеков ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген ғасыр індетімен күрес жүргізу әрбір қоғам мүшесінің міндеті екендігін айтып өтті.
Шара барысында сөз алған Аягөз ауданы әкімінің орынбасары (әскерге шақыру комиссиясының төрағасы) Медет Татенов Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу керек екендігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ әскерге шақыру науқаны кезінде заң бұзушылыққа итермелейтін фактілерінің куәсі немесе ақпаратын білген жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлау керек екендігін тілге тиек етті.
Жиын соңында Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы подполковник Нұржан Мурзаканов жеке құрамға заң талаптарын, жаза түрлерін, алдын алу шаралары туралы ойларымен бөліскен комиссия төрағасы мен әскери полиция бөлімінің өкіліне алғысын білдіріп, рахметін айтты.