Сенаторлар ТМД елдері арасында өзара инвестициялар көлемін ұлғайтуға бағытталған заңды мақұлдады

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ТМД елдерімен еркін сауда мәселелері жөніндегі заңды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында депутаттар «Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялардың құрылуы, қызметі және жүзеге асырылуы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде айтылғандай, келісімді ратификациялау қазақстандық көрсетілетін қызметтер экспортын әртараптандыруды, ТМД нарықтарындағы бизнестің позициясын нығайтуды және инвесторларға қатысты тәуекелдерді азайту үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.
«Келісім ТМД елдерімен серіктестігімізді одан әрі нығайтуға бағытталып отыр. Бұл құжат қызмет көрсету саласында еркін сауда аймағын қалыптастыруды көздейтін ережелерді қамтиды. Сондай-ақ тараптардың инвестициялық тартымдылығын жақсартуға арналған нормалар да бар. Жалпы, заң ТМД елдері арасында сауда-экономикалық белсенділікті арттыруға және өзара инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Келісімде серіктестік нарықтарда ТМД-ға мүше елдерден көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер үшін неғұрлым тиімді жағдайлар белгілеу, ұсыну және қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған. Бұл экспроприациядан қорғау және капиталды еркін аудару кепілдігін қоса алғанда, инвесторлар үшін құқықтық кепілдіктер жасау мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ құжатта инвестицияларды реттейтін ережелердің болуы қатысушы мемлекеттердің қолайлы бизнес-ахуалын қамтамасыз ету үшін айтарлықтай ынталандырады, одан бөлек, инвестицияларды қорғау және көтермелеу туралы қолданыстағы екіжақты келісімдерді дамытуға жол ашады.
Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Сүйіндік Алдашев отандық әуежайларды дамытуға қатысты жүйелі шаралардың жоқтығына және инфрақұрылымның тозуына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, жекелеген әуежайларда авиаотынды сатудан түскен қаржы табыстың негізгі бөлігін құрайды. Осыған байланысты кейбір әуежайлар бұл инфрақұрылымға өзгелердің қол жеткізуіне мүдделі емес. Мұндай қадам әуе компанияларына қажетті отынның бағасы жоғары болуына себеп екені анық. Бұл өз кезегінде әуе билеттерінің құнына әсер ететіні белгілі.
Ольга Булавкина елімізде пластик қалдықтар көлемінің артуына және оны қайта өңдеу жүйесінің заман талабына сай болмауына назар аударды. Осыған орай сенатор Үкіметке бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында қайта өңдеушілер үшін салықтарды азайту және субсидиялар мен «жасыл» гранттар бөлу жөнінде бастамалар бар. Сондай-ақ Eco Network және Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың тәжірибелеріне сүйеніп, халықтың экосанасын одан әрі дамыту және қалдықтар жиі пайда болатын орындарда пластиктердің аз көлемін қайта өңдейтін шағын кәсіпорындар құру бағытындағы жобаларды жүзеге асыру туралы ұсыныс айтылды.