Cемей21°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
515.03 584.82 6.24

Мәжіліс депутаттары бау-бақша серіктестіктерін мемлекеттік қолдау мәселелерін талқылады

18-04-2025, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен бау-бақша серіктестіктерін мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша  дөңгелек үстел өтті. Жиын осы бағыттағы заң жобасымен жұмыс аясында ұйымдастырылды.

Талқылауға вице-спикер Альберт Рау бастаған Мәжіліс депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар әкімдіктерінің, сондай-ақ бау-бақша серіктестіктерінің өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Серік Егізбаев қазіргі уақытта бейінді комитетте бау-бақша серіктестіктерін мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша депутаттардың бастамасымен түзетулер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Жұмыс тобына Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар жетекшілік етеді.

Заңнамалық түзетулер авторларының бірі депутат Құдайберген Бексұлтанов баяндамасында бұл заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, елдегі бау-бақша және саяжай серіктестіктерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Онда бағбаншылықпен айналысатын азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналған нормалар көзделіп отыр.

– Заң жобасында жерді ұтымды пайдалану секілді бірнеше бағыт бойынша өзгеріс енгізілмек.  Пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз пайдаланылып отырған жер телімдерін қайтару ресурстарды тиімді қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа заң жобасы бау-бақша және саяжай серіктестіктеріне қажетті жол, су құбыры сияқты басқа да инфрақұрылым нысандарын салуға жағдай жасайды. Жылжымайтын мүлікпен келісімдерді реттеу аясында қарыздың жоқтығы туралы міндетті анықтама енгізіледі. Бұл мәмілелердің ашықтығын және сатып алушылардың құқығының қорғалуын қамтамасыз етеді, – деді депутат.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың айтуынша, бұл саладағы мәселелерді шешу мақсатымен 2024–2030 жылдарға арналған саяжай және бау-бақша шаруашылықтарын дамыту бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда. Соның аясында жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, саяжай массивтерінің аумақтары нақтыланып, инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіру қажеттілігі зерттелуде.

– 2024 жылғы инвентаризация нәтижесі бойынша елімізде 560 мыңнан астам саяжай учаскесі бар, олардың жалпы аумағы 54 мың гектардан асады. Соның ішінде аумағы 4,6 мың гектарды құрайтын 86 мыңнан астам саяжай учаскесі ұзақ уақыт пайдаланылмай тұр. Ал аумағы 800 гектарды құрайтын 15 мыңнан астам учаске мақсатсыз пайдаланылуда, – деді Ербол Тасжүреков.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерде Жол картасы аясындағы шаралардың орындалуын қадағалауда. Облыс әкімдіктері су және электрмен жабдықтау, сондай-ақ газдандыру секілді жаңа нысандар салуға бюджет қаражатын және жер телімдерін бөлуді қарастыруда. Сонымен қатар саяжай массивтерінде қауіпсіздікті арттыру және өзге де бағыттарда жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, азаматтарды инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері алаңдатуда. Мысалы, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапановтың айтуынша, жергілікті бағбандардың проблемалары басқа саяжай серіктестіктері үшін де өзекті. Әсіресе, инженерлік желілердің тозуы, оларды қызмет көрсетуші ұйымдардың балансына беру, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын мемлекеттік тіркеу сияқты мәселелер өте маңызды.

Өз кезектерінде «Батыс Қазақстан бағбандар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Андрей Заозеров, Павлодар облысындағы «Металлург» тұтыну кооперативі – бағбандар серіктестігінің төрағасы Илья Федоров, Алматы облысындағы «Надежда» тұтыну кооперативі – бағбандар бірлестігінің төрағасы Дмитрий Баклушин да түйткілді мәселелерге назар аударды.

Олардың айтуынша, бағбандар серіктестіктерінің құқықтық мәртебесі әлі де нақты айқындалмаған. Осыған орай олар бағбандық пен оған жақын салалардың (бақша, ара шаруашылықтары және т.б.) толыққанды институтын құру үшін дербес заң қабылдауды ұсынады.

Талқылау барысында бау-бақша жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санатынан шығару, инженерлік желілерді мемлекеттік құрылымдардың балансына өткізу, бау-бақша және саяжай құрылыстары мен жер телімдеріне меншік құқығын жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеу сияқты ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар саяжай кооперативтерінің корпоративтік табыс салығын төлеу тәртібі, электр қуаты тарифтері, әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділік мәселелері көтерілді.

– Бүгін біз бағбандықпен байланысты мәселелерді жан-жақты талқыладық. Оларды шешудің түрлі жолдары ұсынылды. Бұл ұсыныстар жергілікті және орталық атқарушы органдар тарапынан мұқият назар аударуды талап етеді. Барлық айтылған ұсыныс аталған заң жобасын қарау барысында ескерілетін болады, – деді комитет төрағасы Серік Егізбаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив