«Қалбатау-Майқапшағай» автожолында жол қозғалысы жыл соңына дейін ашылады
Бүгін Абай облысында жол құрылысы маусымы ресми түрде ашылды. Халықаралық маңызға ие «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының бойында өткен шараға облыс әкімі Берік Уәли, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.
Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын автожолдың 184 шақырымы облыс аумағынан өтеді. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, «Қалбатау-Майқапшағай» күре жолында жол қозғалысы жыл соңына дейін ашылады. Жоба аясында 16 көпір мен 100-ден астам су өткізу құрылғылары жаңартылады.
Облыс әкімі шараның ашылуында сөйлеген сөзінде «Қалбатау-Майқапшағай» жолының өңір үшін экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті. Былтыр облыста 250 шақырым жол жөнделген. Аймақ басшысы биыл бұл көрсеткіштің едәуір ұлғаятынын айтты.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының» хабарлауынша, «Өскемен-Талдықорған» автожолының құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Бұдан бөлек «Семей-Қайнар», «Семей-Ресей Федерациясы шекарасы», «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас», «Өскемен-Семей», «Таскескен-Бақты» бағытындағы жолдарға асфальт төселеді.
Облыс әкімі Берік Уәли «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевпен бірге реконструкциялау жұмысы басталған аумақты аралап көрді. Жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компанияның өндірістік базасында болып, жұмысшылармен кездесті.