Сенаторлар Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің құрылғанына 30 жыл толуын мерекелеуге орай өткен отырысқа қатысты. Шараға қатысушылар ҚХА-ның қоғамдық келісім мен этносаралық диалогты нығайтуға қосқан үлесін, сондай-ақ Ассамблеяны жаңа жағдайда одан әрі дамытудың басым бағыттарын талқылады.
Нұртөре Жүсіп отырыс барысында әрбір этнос өкілінің еліміздің дамуына қосқан үлесі мен дауысы естілуінде Қазақстан халқы Ассамблеясы рөлінің маңызды екенін атап өтті. Ол қоғамдық өмір, жастар тәрбиесі және ұлт болашағын қалыптастыруда Ассамблеяның зор әсер ететін жанды, серпінді тетік екенін нақтылады.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы – ерекше институт. Бұл жай ғана қоғамдық ұйым емес, ол Парламентке депутаттарды ұсыну саласындағы саяси салмағы мен өкілеттігі бар конституциялық орган. Ассамблея қызмет еткен 30 жылда азаматтық бейбітшілікті, этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайтудың нақты бейнесіне айналды. Оның жұмысының арқасында алуан түрлі мәдениеттерді мемлекетіміздің негізгі басымдығына айналдыруға мүмкіндік туды», - деді Нұртөре Жүсіп.
Сенатор Ассамблея жұмыс істеген жылдарда қоғамдық дипломатия орталығына айналғанын және жаһандану мен көші-қон үдерісінен бастап тілдерді сақтау мен кемсітушілікке қарсы іс-қимылға дейінгі қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін талқылауда маңызды тұғырнамаға айналғанын атап өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл көпұлтты елде диалогқа, өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа басымдық берілетін қазақстандық консенсус үлгісі. Бұл барлық этнос өкілінің шешім қабылдау және азаматтық тұтастықты қалыптастыру үдерісіне қатысуын қамтамасыз ететін пәрменді тетік. Бұл жерде тек толеранттылық туралы емес, әркімнің ел болашағына шынайы қатысуы мен атсалысуы туралы айтылып отыр. Ассамблея бүгінгі таңда жетілген, тиімді және сұранысқа ие институт екені айқын. Оның тарихы қазіргі Қазақстан тарихының, диалог, сенім және жауапкершілік тарихының бір бөлігі болып табылады», - деді Нұртөре Жүсіп.