ФАО қазақстандық ветеринарларды оқытуда

Алматы қаласында Қазақстанда алғаш рет ветеринария саласының мамандарына арналған антимикробтық препараттарға сезімталдықты анықтау бойынша халықаралық әдістерге негізделген зертханалық тренинг өтуде. Оқыту БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Пандемияға дайындық және әрекет ету жөніндегі қордың «Орталық Азияда «Бір денсаулық» қағидасына негізделген пандемияға дайындық және әрекет ету» жобасы аясында Республикалық ветеринариялық зертханада ұйымдастырылып отыр.
Бұл тренинг – ФАО-ның агроазық-түлік секторында антимикробтық төзімділікті (АМР) бақылаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру бойынша кешенді жұмысының жалғасы. Ақпан айында барлық негізгі серіктестер – мемлекеттік органдар, халықаралық және салалық ұйымдар қатысқан саларалық дөңгелек үстел өтіп, ветеринариялық тәжірибеде антимикробтық төзімділікке қарсы тұру қағидаттарын енгізу бағыты расталды. Наурыз айында төрт өңірде сынамаларды пилоттық іріктеу басталды. Алматыдағы тренинг – осы жұмыстың келесі маңызды кезеңі, оның мақсаты – оқудан кейін өңірлерде тәжірибелік іске кірісетін зертхана мамандарын даярлау.
Тренингке Республикалық ветеринариялық зертхананың және Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың мамандары қатысуда. Оқытуға ФАО-ның халықаралық сарапшысы Франческа Латронико (Италия) және Қазақстандағы антимикробтық төзімділік жөніндегі ФАО сарапшысы Ләйлә Ансабаева қатысуда. Қатысушылар бактериалды изоляттарды бөліп алу мен сәйкестендіру әдістерін, диск-диффузиялық әдіспен AST жүргізуді, төзімділік фенотиптерін интерпретациялауды меңгеріп, биоқауіпсіздік пен сапа талаптарына сай жұмыс істеу жолдарын үйреніп жатыр.
АМР-ды зертханалық мониторингтеуді қамтамасыз ететін орнықты жүйе қалыптастыру – ФАО-ның 2021–2025 жылдарға арналған антимикробтық төзімділікке қарсы іс-қимыл жоспарының басым бағыттарының бірі. Бактериялардың төзімді формалары жаһандық ауқымда таралу жағдайында агроазық-түлік секторындағы сапалы мониторинг ветеринарлық қана емес, жалпы эпидемиологиялық қауіпсіздіктің де ажырамас бөлігіне айналуда.