Cемей10°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
515.03 584.82 6.24

Антикорда экология саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қаралды

Бүгін, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Агенттік әлеуметтік сезімтал салаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізуде.

Олардың бірі – табиғи ресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық талаптарды сақтау саласы болып табылады.

Экологияны жақсарту азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.

Ағымдағы жылдың 21 сәуірінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында экология саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мәселелері бойынша ведомствоаралық мәжіліс өтті.

Іс-шараға Агенттік Төрағасы Асхат Жұмағали, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, мемлекеттік органдардың орталық және аумақтық бөлімшелерінің басшылық және жеке құрамы қатысты.

Орман шаруашылығында, табиғи резерваттарда және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратуда анықталған жүйелі мәселелер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ерекше назар аударылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Төрағасы елеулі қаржыландыруға және экология саласында қабылданып жатқан шараларға қарамастан, сыбайлас жемқорлық мәселелері өзекті болып қала беретінін атап өтті.

Жекелеген лауазымды адамдар, оның ішінде жоғары лауазымды адамдар тарапынан пара алуға және бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі өзінің тікелей міндеттерін орындамауға байланысты сыбайлас жемқорлық әрекеттері жасалуда.

Тек соңғы 2,5 жылда 70 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген.

Олардың ішінде Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Ұлытау облысының аумақтық экология департаменттерінің, сондай-ақ Алматы облысы Іле ауданы әкімдігінің басшыларына қатысты қылмыстық істер бар.

«Семей орманы», «Ертіс орманы» резерваттарында, сондай-ақ Қостанай және Павлодар облыстарының орман шаруашылықтарында ауқымды жымқыру мен теріс пайдалану анықталды.

Ормандарды заңсыз кесу, санитарлық кесу және орман өрттерінен келтірілген залалды азайту фактілері анықталды.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) кәдеге жарату, санитарлық және экологиялық нормаларды бұза отырып жұмыс істейтін қоқыс жинайтын компаниялардың қызметі ерекше алаңдаушылық туғызады.

Министрліктің ҚР ҚПК 200-бабы тәртібінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан қылмыстарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша енгізілген ұсыныстарды қарауы талқылаудың жеке мәселесі болды.

Талдау экология саласында жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсетеді, олардың себептері саланы цифрландырудың жеткіліксіздігі және тиісті бақылау мен мониторингтің болмауы болып табылады.

Агенттік электрондық есепке алу жүйелерін енгізуге және рұқсат беру процестерін автоматтандыруға, орман ресурстарын іске асырудың ашық аукциондық тетігіне көшуге, субъектілерді талдау және мониторингтеу жүйелерін жетілдіруге, ТҚҚ саласында бірыңғай тарифтік саясатты қалыптастыруға және полигондардың қызметіне бақылауды күшейтуге, сондай-ақ тиімді кадр саясатына бағытталған ұсынымдар енгізді.

Кеңес қорытындысы бойынша Агенттік пен Министрлік экологиялық саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және елдің табиғи ресурстарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмысты күшейту туралы шешім қабылдады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив