Cемей19°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
513.68 583.03 6.24

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатада жасанды интеллект туралы заң жобасы талқыланды

Кеше, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатада «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы талқыланды. Кездесу палата төрағасы Айдос Сарымның жетекшілігімен Astana Hub – «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорында өтті.

Талқылауға Қоғамдық палата мүшелерімен қатар заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, тиісті министрліктің жауапты қызметкерлері, «Astana Hub», «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Айдос Сарым «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Digital Bridge 2023 халықаралық форумында берген тапсырмасын орындау үшін Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленгенін айтты.

– Біз бүгін аса қызық, аса таңсық жасанды интеллект мәселесін талқылаймыз. Қазақстан ТМД аймағында алғаш болып осындай заңға аяқ басып отыр. Еліміз мүмкіндігінше ТМД, Орта Азия аумағында өзінің көшбасшылық позициясын сақтағысы келеді. Сондықтан бұл өзгелерге үлгілік заң болады деп жоспарлап отырмыз, – деді А.Сарым.

Жиында Мәжіліс депутаты, жоба авторларының бірі, жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева «Жасанды интеллект туралы» заң жобасының негізгі ережелерімен таныстырды. Оның айтуынша, жоба бірінші кезекте жасанды интеллектінің дамуын қамтамасыз етеді.

– Құжатты дайындау барысында біз жасанды интеллект технологиясының дамуын шектемей, сүйемелдеу қажеттігін назарға алдық. Бұл ретте оның дамуы тиіс құқықтық дәлізді анықтадық. Ол үлкен инвестицияны қажет етеді. Дегенмен салалық заңнамасы түсініксіз құрылымдалған юрисдикцияға инвестор келмейді, – деді депутат.

Сонымен қатар заң жобасы осы саладағы қоғамдық қатынастарды базалық реттеуге және қауіпсіздік пен ашықтыққа кепілдік беруге бағытталған. Атап айтқанда, ЖИ жүйелерін тәуекел деңгейлері бойынша жіктеу енгізілген, олар: минималды, орташа және жоғары. Пайдаланушылардың, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей байланысты болғандықтан жоғары деңгей ерекше қызығушылық тудырады. Ол сондай-ақ Ұлттық жасанды интеллект платформасын құруды, жеке деректерді қорғауды және ЖИ жүйелері арқылы жасалатын манипуляцияның алдын алуды, оларды пайдалану кезінде қолданушыларды хабардар етуді көздейді.

Екатерина Смышляева ЖИ саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары Үкіметте қалатынын атап өтті. Оны реттеуші өткен жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан құрылған Жасанды интеллект комитеті болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин Ұлттық ЖИ платформасында деректер жиынтығы, жасанды интеллект үлгілерін әзірлеу және оқыту құралдары бар екенін айтты. Онда қалыптасып жатқан суперкомпьютерлік инфрақұрылым біріктіріледі. Nvidia L40s графикалық үдеткіштері қазірдің өзінде сатып алынған және мемлекеттік цифрлық өнімдерді орналастыру үшін пайдаланылады. Мысалы, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді жеңілдетуге және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған ЖИ агенттерінің прототиптері әзірленді.

Отырыс барысында мамандар заң жобасының мазмұнын жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты. «HAQ» қоғамдық қайырымдылық қорының атқарушы директоры, қоғам қайраткері Тоғжан Қожалы медицинадағы ЖИ ең тәуекелді бағыттардың бірі екенін, ал заң жобасында денсаулық сақтау саласына қатысты бірде-бір бап жоқтығын баса айтты. Сондықтан ол ЖИ диагностикада қолданылса, міндетті клиникалық валидация болуын және медициналық бұйым ретінде тіркеуді, ОСМС шеңберінде міндетті сақтандыруды енгізуді ұсынды.

Өз кезегінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жасанды интеллект жөніндегі басқарушы директоры Алексей Самойлов ЖИ жүйелерін сертификаттау мен тәуелсіз аудитке қойылатын талаптарды заңнамалық актілер мен процедуралар деңгейінде қарастырған дұрыс деп санайды. Оның пікірінше, бұл алгоритмдерді қолданудағы қауіпсіздік пен ашықтық тұрғысынан ЖИ өнімдерін бейтарап бағалауға мүмкіндік береді.

Саясаттанушы, Е.А.Бөкетова атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университетінің тәуелсіз директоры Айбек Күмісбеков заң жобасының ықтимал тәуекелдері мен қиындықтарына тоқталды. Оның пікірінше, жобада критерийлер мен терминдер, әсіресе, «тәуекел жүйесі» немесе «толық автономды жүйе» ұғымдары анық белгіленуі керек. Сондай-ақ оны қайта қараудың икемді тетіктерін қарастыру. Осы мақсатта ол жыл сайын аумақты сараптап, қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізетін Үкімет, бизнес және қоғам өкілдерінен құралған, тұрақты жұмыс істейтін сарапшылар тобын құруды ұсынып отыр.

«Қазақстанның интернет-қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шавкат Сабиров Қазақстан ЖИ-ға иелік ететін екі ұлы державаның ортасында орналасқандықтан қуатты жүйе құру және пайдалану тұрғысында табысқа жете алатынын атап өтті. Ол қазіргі жағдайда дата орталықтарының ресурстары мен мүмкіндіктерін пайдалану еліміз үшін ең оңтайлы тәсіл екеніне тоқталды. Болашақта ЖИ пайдалануға арналған өз инфрақұрылымымызды құруға мүмкіндік туады.

– Жасанды интеллект – қазақстандықтардың күнделікті өміріне белсенді түрде еніп жатқан технология. Сондықтан оған қатысты заңның болғаны жақсы. Әрі қарай бізде оны белгілі бір бағытта нақтылау мүмкіндігі болады. Жасанды интеллект қазірдің өзінде бірқатар саладағы заңнамаға енгізілген. Қазір жалпы заң қабылдасақ, біз ұтамыз. Әлем бір орнында тұрмайды, Қазақстан да соған ілесуі керек, – деді сөз соңында Айдос Сарым.

Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен сараптамалық қорытындылар Қоғамдық палатаның ұсынымдарында жинақталып, заң жобасын одан әрі талқылау үшін жұмыс тобына беріледі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив