Облыс әкімі: Өңірде балаларға арналған үйірмелер санын көбейтуіміз керек
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, спорттық және шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру, мемлекеттік басқаруда жобалық тәсілді енгізу мәселелері талқыланды.
Өңірдегі сауықтыру лагерьлерінің жағдайы туралы облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Төленов баяндады.
Биыл жазғы маусымда 94 мыңнан астам оқушы түрлі іс-шаралармен қамтылмақ. Оның ішінде 15 мыңнан астам бала әлеуметтік осал санатқа жатады. Олар үшін тегін жолдамалар қарастырылған.
Жалпы облыста балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін 33 өңірлік жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аймақтағы 11 сауықтыру лагеріне 5172 баланы демалысқа жіберу көзделген.
Қазіргі таңда өңірде қала сыртындағы 11 балалар лагері жұмыс істейді. Оның 9-ы типтік, 2-еуі бейімделген ғимаратта орналасқан. Лагерьлердің басым бөлігі 1952-1999 жылдары салынғандықтан материалдық-техникалық базасы жаңартуды талап етеді. Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Көкпекті және Жаңасемей аудандарында балалар лагерін салу қажеттігі туындап отыр.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанжігіт Омарханның мәліметінше, өңірде 4728 баланы қамтыған 147 шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Бұдан бөлек облыстың қалалары мен аудандарындағы мәдениет үйлері, клубтар мен кітапханалар жанында 139 түрлі тегін үйірме ұйымдастырылған.
Аппараттық кеңесте Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ержан Әбілқасымов аймақтағы балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін спорттық секциялардың жұмысы туралы баяндады.
Отырыста күнтәртібіндегі үшінші мәселе мемлекеттік басқарудағы жобалық офистің үлесі туралы жобалық офис басшысы Камария Қажығалиева баяндады. Бүгінде облыс көлемінде 40-тан астам жоба іске асырылуда. Бұл жобалар инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және экология салаларын қамтиды. Әрбір жоба SMART-қағидаттарына сәйкес әзірленген.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы аппарат инспекторларына барлық лагерлердің жазғы демалысқа дайындығына тексеру жүргізуді, «Даму бала» бағдарламасы аясындағы үйірмелердің жәй-күйіне мониторинг жасауды жүктеді. Облыс әкімі мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында жұмыс істейтін үйірмелердің жеткіліксіз екенін атап өтіп, Мәдениет басқармасына бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін айтты. Қаржы басқармасына балалардың үйірмелерге қатысу үрдісін талдап, нәтижесін баяндауды тапсырды.