Алматыда 2011 жылғы Вена құжаты аясында халықаралық семинар өтті

Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар Кеңсесімен, Орталық Азия елдеріндегі ЕҚЫҰ орталықтары мен миссиялары және Венадағы ЕҚЫҰ Хатшылығымен серіктестікте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Қару-жарақты бақылау және инспекцияларды қамтамасыз ету орталығы ұйымдастырды.
ҚР Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында өткен семинарға қазақстандық әскери қызметшілерден басқа Әзербайжан, Германия, Дания, Италия, Қырғызстан, Моңғолия, БЕНИЛЮКС елдері, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан және Франция қарулы күштерінің өкілдері қатысты.
Семинарда 2011 жылғы Вена құжатының негізгі ережелері, инспекциялық және хабарламалық қызмет пен оларды практикада қолдану талқыланды.
– Мұндай семинарларды өткізу Орталық Азия өңірі елдері арасындағы сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайту қағидаттарын іске асыру саласындағы ынтымақтастықтың негізгі нысандарының бірі, – деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрлігі Қару-жарақты бақылау және инспекцияларды қамтамасыз ету орталығының бастығы полковник Қанат Әубәкіров.
Іс-шараға қатысушылар ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси өлшеміне, Вена құжатының ережелерін орындауға, жыл сайын әскери ақпарат алмасуға, ЕҚЫҰ байланыс желісіне, ұйымға мүше елдердің өзара инспекциялық қызметін қамтамасыз етуге қатысты негізгі тақырыптармен танысты.
Вена құжатының ережелеріне сәйкес семинардың практикалық бөлімінде Қонаев қаласындағы 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасын бағалау жөнінде оқу сапары ұйымдастырылды.
Вена құжаты – ЕҚЫҰ қызметінің әдеттегі қару-жарақ түрлерін бақылау бойынша елдер арасындағы ынтымақтастық, айқындық және тексеру режимін сақтауға негізделген пәрменді құралдарының бірі.