Семейде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік шара өтті
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Абай облысында кең көлемде аталып өтіп жатыр. Бүгін Семейдегі Бейбітшілік аралында этномәдени бірлестік өкілдері мен өнер ұжымдарының қатысуымен ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды.
Шара барысында түрлі ұлттың әндері мен билері шырқалып, театрландырылған көріністер мен ұлттық киімдер шеруі болды. Облыс әкімі Берік Уәли қала тұрғындарымен бірге қолөнер бұйымдары мен этностар мәдениеті көрмесін, концерттік бағдарламаны және спорттық ойындарды тамашалады.
Аймақ басшысы өңір тұрғындарын атаулы мерекемен құттықтап, береке мен бірліктің, тұрақтылық пен татулықтың маңызын атап өтті.
Аймақ басшысы өз сөзінде биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту міндеті тұрғанын айтты. Мемлекет басшысының қолдауымен барлық өңірлер қатысатын «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Маңғыстау облысы Семей қаласына Достық үйін салып беретінін жеткізді.
Бүгінде облысымызда 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жыл басынан бері жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында 400-ге жуық іс-шара өткізілді.