Абай облысының әкімі Берік Уәлидің Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы

Құрметті жерлестер!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бірлік пен татулық – өткеннен жеткен аманат, асыл мұра. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген дана халқымыздың сөзі елдігіміздің темірқазығы болып келеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 34- сессиясында сөйлеген сөзінде: «Бейбітшілік пен тұрақтылық – тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл – бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі» деген болатын.
Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ізгі ұстанымын бойтұмар қылған абайлықтар бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату өмір сүріп келеді.
Бүгінгі таңда өңірдегі ұлтаралық қатынасты нығайту мақсатында облыста 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Осы ретте Президенттің қолдауымен барлық өңірлер қатысатын «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Маңғыстау облысы қаламызға Достық үйін салғалы жатқанын жеткізгім келеді. Бұл – өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің басын қосатын, мәдени іс-шаралар мен қоғамдық келісімнің орталығына айналатын маңызды нысан болмақ.
Бірлік пен татулық – еліміздің ең басты құндылықтары. Осы құндылықтарды сақтап, нығайту – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні әр шаңыраққа шаттық пен береке әкелсін!
Отбасыларыңыз аман, дендеріңіз сау, еңбектеріңіз жемісті болсын!
Берік Уәли,
Абай облысының әкімі