Сенатта «Жылу энергетикасы туралы» заңның орындалу барысы талқыланды

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары өткен жылдың шілде айында қабылданған «Жылу энергетикасы туралы» заңды іске асыру барысын талқылауға арналған отырыс өткізді. Сенаторлар жылу энергетикасы жүйесінің ағымдағы жай-күйін, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысын, мемлекеттік энергетикалық бақылауды жүзеге асыру, электр энергиясының бөлшек және теңгерімдеу нарықтарын жетілдіру, сондай-ақ тариф саясаты мәселелерін қарады.
Комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев жылу энергетикалық инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары екендігін, сондай-ақ жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттырудағы мемлекеттік бақылауды одан әрі күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Қазіргі уақытта елімізде 37 жылу электр орталығы жұмыс істейді және олардың орташа тозу деңгейі 61%-ды құрайды. Сондай-ақ 66 қазандық жұмыс істейді. Олардың тозуының орташа деңгейі 57,2% болып отыр. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 13 357 шақырым, ал оның тозуының орташа көрсеткіші 52%-ға жетті. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу желілерін бақылау жөніндегі функциялар заң аясында Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне беріліп, оның өкілеттігі күшейе түскені белгілі», - деді Сүйіндік Алдашев.
Энергетика министрінің орынбасары өз кезегінде 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңі жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында қалыпты өткенін хабарлады. Жылыту кезеңінде технологиялық тұрғыда ірі іркіліс байқалмады. Жылыту маусымының қорытындысы бойынша 9 ЖЭО қызыл аймақтан сарыға, 3 ЖЭО сарыдан жасылға көшті. Осы бағыттағы жұмысты уәкілетті орган жалғастыратын болады. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын заң аясында реформалау басталды. Мәселен, 2024 жылдың соңынан бастап 34 энергиямен жабдықтаушы ұйымның функциялары энергия беруші ірі 21 компанияға берілді.
Кездесуге сонымен қатар Табиғи монополияларды реттеу комитетінің, Павлодар, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор компанияларының өкілдері қатысты.