Бобровка және Шығыс кенттерінде дене шынықтыру- сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды
Семей қаласының Бобровка және Мұрат тұрғын үй алаптары, Водный және Шығыс кенттерінің ортасында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды. Спорт нысандары құрылысының басталу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпаздары Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов және дзюдодан Әлем чемпионатының қола жүлдегері Берікбол Жұманбеков қатысты.
Халық тығыз қоныстанған бұл шағын аудандарда заманауи спорттық және әлеуметтік нысандар жеткіліксіз. Бобровка мен Мұрат тұрғын үй алаптарында 10, Водный және Шығыс кенттерінде 25 мыңға тарта халық тұрады. Екі елді мекеннің оқушылары қаланың басқа аумақтарына барып, спортпен айналысуға мәжбүр.
Заман талабына сай жабдықталатын спорт кешендерінде футбол, волейбол, баскетбол, қазақ күресі, бокс және басқа да спорт түрлеріне арналған әмбебап залдар салынады. Спорт нысандарының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Құрылыстың басталуына орай сөз сөйлеген аймақ басшысы Семей қаласының шеткері аудандары әрдайым назарда болатынын атап өтті.