Шалғай ауылдар мен туристік нысандарды интернетпен қамту мәселесі қаралды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте шалғай елді мекендер мен Алакөл жағалауындағы интернет желісімен қамту мәселесі қаралды. Саладағы атқарылған жұмыстар туралы Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.
Басқарманың мәліметінше, өңірдегі 322 елді мекеннің 78 пайызында интернет қолжетімді. 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 96 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Абай облысының елді мекендерін сапалы интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы Жол картасы бекітілген. Соның шеңберінде аудан әкімдіктері мен жеке қаражат есебінен 23 антенна-діңгек құрылысын салу жоспарланған. Оның 15-інің құрылысы аяқталған. Қалған 8 ауыл бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 171 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыспен қамту көзделген. Сондай-ақ, аймақтағы интернет жылдамдығы төмен 127 мектепке Starlink спутнигі қойылған.
Қазіргі таңда Алакөл жағалауында барлық байланыс операторларының 4G базалық станциялары орнатылған. Көлге жақын Қабанбай ауылында 1 антенна-діңгекті құрылғы бар. Жыл соңына дейін осы елді мекенге қосымша осындай құрылғы орнату жоспарлануда.
Облыс әкімі басқармаға осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, Абай ауданындағы «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығын жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды. Бірінші орынбасары Ербол Садырға талшықты оптикалық байланыс желісін орнату бойынша жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының тиімділігін анықтап, құнына талдау жасауды міндеттеді. Білім басқармасына 1 шілдеге дейін облыс бойынша білім мекемелеріне қажетті интернет жылдамдығын анықтап, жақсарту бойынша ұсыныстар енгізуді жүктеді.
Кеңейтілген аппараттық кеңесте облыс әкімі балалардың қауіпсіздігі мен өрттің алдын алуға арнайы тоқталды. Қала, аудан әкімдері мен жауапты басқармаларға кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жазғы маусымда өрттің алдын алу шараларын күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлерде терезеден құлау жағдайларын болдырмау үшін арнайы құрылғыларды орнату бойынша тұрғындармен жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.